Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлім етуінше, былтыр 365 жасөспірім жоғалып, 351-і тәулік ішінде табылған, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Ал, қалғаны бір-екі күн ішінде анықталды. Өкінішке орай бір жасөспірім өз-өзіне қол салып, өзеннен өлі денесі табылды.
Қазір департамент қызметкерлерінің іздеуінде 16 із-түссіз жоғалған азаматтың ақпараты бар. Олардың кейбіреуі 2015-ші жылдардан бері іздеуде тұр. Басым бөлігі ер адамдар. Олардың ақпараты республикалық жоғалғандар базасына енгізіледі және тұрақты басылым беттерінде жарияланып тұрады.
«Көпшілік үшін криминалдық полиция қызметкерлері қылмыскерді ғана іздейді. Алайда із-түзсіз жоғалған адамдарды іздестіру жұмыстарын да криминалдық полиция бөліністерінің қызметкерлері бақылауға алып жүзеге асырады. Қазіргі таңда бұл бағытта жасөспірімдердің жоғалуы басты назарда. Мүмкіндіктер көп қоғамда олардың қауіпсіздігі алаңдатады. Әсіресе, 13-17 жас аралығындағы жасөспірімдердің отбасында ата-анасымен келіспей тұрғылықты мекен-жайынан белгісіз бағытқа кетіп қалуы кезінде, кезек күттірмей қала аумағындағы барлық бейнекамералар бойынша іздеу басталады. Сондай-ақ, жасөспірімнің әлеуметтік желідегі парақшалары зерделенеді. Көп жағдайда ата-аналардың өз баласының араласатын ортасын білмеуі, кей жағдайда тұрғын жайынан қандай киіммен шыққанын білмеуі де кездесіп жатады. Жасөспірімдердің жоғалуы көп жағдайда аз уақыттың ішінде қоғамдық резонанс тудырады», - дейді баспасөз қызметіндегілер.
Тәртіп сақшылары қандай да бір құқық бұзушылыққа куә болған жағдайда, бірден полицияға хабарласуды сұрайды.
Мира Нұртаева