Былтыр Атырауда 10 мыңға жуық бұралқы ит ауланған

Оның ішінде тұрғындардың шағымдары, ветеринарлар мен кинологтардың қорытындысы негізінде адамға қауіп төндіреді деп танылған 9 109 ит жойылған. Ал 423 ит биозарарсыздандырылып, вакцинация жасалғаннан кейін қауіпсіз деп танылып, табиғи ортасына қайта жіберілді. Бұралқы иттерді аулау жұмыстарын «Forward Star» ЖШС, ЖК Нұрбаев және «GREN QURILYS QYZMET» ЖШС жүргізді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының баспасөз қызметі мәлім етті, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Экология еріктісі Мамучар Жабасовтың айтуынша, қаңғыбас иттердің көбеюіне көбіне тұрғындардың жауапсыз әрекеті себеп болып отыр. Кейбір азаматтар ит асырап, кейін оған дұрыс күтім жасамай, көшеге тастап кетеді. Бұл өз кезегінде бұралқы жануарлар санының артуына әкеледі.

– Қараусыз иттерді ату мәселені түбегейлі шешпейді. Оларды ұстау, тексеру, қауіпсіз болған жағдайда кастрация және вакцинация жасап қайта жіберу әлдеқайда тиімді. Бұл тәсіл иттердің санын табиғи жолмен шектеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар үй жануарларын міндетті түрде тіркеуден өткізіп, чип салу қажет. Иттер тек арнайы тіркелген мекемелер арқылы сатылуы тиіс. Бұл бақылауды күшейтіп, жануарлардан себепсіз бас тарту жағдайларын азайтады, – деді М. Жабасов.

Мамандардың айтуынша, қала аумағындағы бұралқы иттер кей жағдайда жабайы аңдардың елді мекенге кіруіне тосқауыл болады. Ал тұрғындарды алаңдататын құтырма ауруы өңірде сирек тіркеледі.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң 2021 жылғы 30 желтоқсанда қабылданып, 2022 жылғы 2 наурыздан бастап күшіне енді. Аталған заңға сәйкес қаңғыбас иттерді атуға ресми түрде тыйым салынған.