Былтыр Атырау кәсіпкерлер палатасы 153 млн теңгеден астам сомаға бизнестің мүліктік құқықтарын қорғады

Бұл туралы Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаев мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Осы тұрғыда былтыр бизнесті қорғау мәселелері бойынша барлығы 111 өтініш келіп түскен.

- Былтыр бизнестің проблемалық мәселелері сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары, салық, мемлекеттік сатып алу, агроөнеркәсіп кешені және т.б. салаларында орын алды. Бизнестің қорғалған мүліктік құқықтарының сомасы 153 млн теңгеден асты. Аталған мерзім ішінде бизнестің 6 жүйелі проблемасы анықталды, оның екеуі республикалық деңгейде, төртеуі облыстық деңгейде шешуді талап етеді. Оның екеуі бүгінгі күні оң шешімін тапса, қалғандары қаралуда, - деді С.Жолдыбаев.

Палата өкілінің айтуынша, бизнестің проблемалық мәселелерін шешуде Атырау облысының кәсіпкерлер палатасында жұмыс істейтін кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес маңызды құрал болып саналады. 

- Былтыр кеңестің 9 отырысы өткізілді, онда 22 мәселе қаралды, оның 18-і бизнестің пайдасына шешілді. Сондай-ақ, аудандарда кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалдарына құқықтық көмек көрсету мақсатында Кеңестің көшпелі отырыстары өткізіледі. Есепті кезеңде көшпелі отырыстар Исатай, Индер және Махамбет аудандарында өткізіліп, олардың барысында ауыл бизнесінің проблемалық мәселелері қаралды. Кеңес отырыстарының қорытындысымен өңірлік палатаның бастамасы бойынша 1 лауазымды тұлға тәртіптік, 2 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деді С.Жолдыбаев.

Сондай-ақ, Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасы бизнес субъектілеріне сотта сүйемелдеу көрсетеді. 2023 жылы Палата заңгерлері 10 процестік сот құжаттарының (талап арыздар, апелляциялық және кассациялық шағымдар, пікірлер және т.б.) жобаларын дайындап, 10 сот отырысына қатысты. Оның 6-ы бизнестің пайдасына шешілсе, 3-і бас тартылып, 1-і қаралу сатысында. Сотта кәсіпкерлердің қорғалған мүліктік құқықтарының сомасы 9 млн теңгеден асқан.

Фото: freepik.com