Атырауда мамырдың ортасынан бері 258 бұралқы ит ауланды.Қала аумағында бос жүрген бұралқы иттерді аулау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Бұл жұмыстар үшін 27 миллион теңге қаралған. Әр итке 22 мың теңге жұмсалады. Мамандар ай сайын 500-600 иесіз жүрген иттерді аулауды жоспарлап отыр.
Қазіргі таңда ит аулаумен айналысатын «Inmarket» ЖШС-нің мамандары аулау және уақытша ұстау, атап айтқанда, процедура кезінде панажайда ұстау, күтім жасау, күнделікті тамақтандыру, чиптеу, ұрықсыздандыру (стерилизация), құрттардан тазарту жұмыстарын, құтыру ауруына қарсы екпе жасайды.
«Атырау қалалық ветеринария стансасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын басшысы Сатыбалды Оразғалиев ауланған салпаң құлақтар 3 күн арнайы вольерде тұратынын айтады. Ондағы мақсат – ауланған иттің иесі табылуы, не асырап алғысы келетіндер шығуы мүмкін.
-Ал егер иттің иесі табылмаса, ұрықсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Ол 3-10 күнде жазылады. Мұнан соң құтыруға қарсы вакцина салынып, есепке алынады. Жануарлардың жағдайын міндетті түрде кинолог пен ветеринар анықтайды. Олар иттің жағдайын бақылап, қауіпті болса жансыздандырады. Ал, қауіпсіздері еркіндікке жіберіледі. Әрбір итті тізімге алып, қай күні ауланғаны, жасы жайлы ақпаратты тіркегене соң, құлағына ен саламыз, - дейді С.Оразғалиев.
Салпаң құлақтарды аулау жұмыстары басталғалы вольерден 1 азамат өзінің итін тауып алып кетіпті. Ал тағы біреуі асырап алыпты.
Айта кетейік, «Inmarket» ЖШС мамандары аулаған бұралқы иттердің тері астына чип енгізіліп, оларды кез келген жерде сканер арқылы оқып, анықтап алуға болады.
Естеріңізге сала кетеік, қаңғыбас иттерді аулау және жою жұмыстары ҚР «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңына байланысты тоқтатылған болатын. Дегенмен, заңдағы нормаларды сақтай отырып, қала аумағында иттердің көбеюіне және қалалықтардың арыз-шағымдарының артуына байланысты аулау жұмыстары ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, қала аумағынан бөлек ауылдық округтерде де ит аулау жұмыстары белсенді жүріп жатыр.
Қазіргі таңда тұрғындар 109 нөміріне хабарласып, ит аулау бойынша өтініштерін айтып жатыр. Барлық өтініш жауапсыз қалмайды. Ветеринарлар осы тұрғыда атыраулықтардың жауапкершілік танытып, өз аулаларындағы үй жануарына мұқият қарауларын сұрайды.