Бүлікшілер көпірден лақтырған сарбаз Атыраудағы тәртіпсіздіктің қалай болғанын айтты

Атырау қаласындағы жаппай тәртіпсіздік кезінде бүлікшілер ұрып-соғып, орталық көпірден лақтырып жіберген сарбаз туралы ақпарат тараған болатын.
Атырау қаласындағы жаппай тәртіпсіздік кезінде бүлікшілер ұрып-соғып, орталық көпірден лақтырып жіберген сарбаз туралы ақпарат тараған болатын.
Желідегі оқырманның көбі бұл ақпаратқа сенімсіздік танытты. Өйткені, мақалада сарбаздың толық аты-жөні жазылмаған әрі суреттегі жүзі де анық емес еді. Болған жайттың анық-қанығына көз жеткізу мақсатында ATPRess.kz сайтының тілшісі қақтығыс кезінде алаңда болған №5546 әскери бөлім командирі Манат Наукеев және оның басқаруындағы сарбаздардың бірі Дәурен Ешимовпен тілдесіп қайтты.
Иә, Атыраудағы тәртіпсіздік кезінде көпірден құлап аман қалған түркістандық сарбаз осы жігіт аты - Дәурен, тегі - Ешимов.
Сарбазбен сұхбаттасар алдында заңға да, әдепке де қайшы болмау үшін аты-жөні мен суретін жариялайтынымызды ескертіп, рұқсатын алдық.
Алдымен бөлім командирі Манат Наукеевті әңгімеге тарттық. Ол 5 қаңтар күні облыс әкімдігі ғимараты маңындағы митингке қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында облыстық полиция департаментімен бірге әскери бөлімнің резервін бастап барған. – Әкімдік ғимараты аумағында 3 мыңның шамасында халық болды. Ал, сарбаздар саны - 150. Бізді көре сала шерушілер тиісе бастады. Бәрінің айтатыны бір сөз: «Халыққа қарсы шықпаңдар, пагондарыңды жұлып, әскери киімдеріңді шешіп, біздің жағымызға өтіңдер».
Анығында біз халыққа қарсы қол көтеріп немесе қару жұмсау үшін келгеніміз жоқ. Тіпті қолымызда қару да жоқ еді. Мақсатымыз - алаңда тәртіпсіздікті болдырмау, яғни сол халыққа қызмет көрсету. Бірақ, ашулы шерушілердің ішінен оны ұққандар өте аз. Біз өз жұмысымызды жасап, сап құрып тұрып алдық. Біраздан соң адамдар әр тұстан бізге қарай тас жаудыра бастады. Қаруымыз болмаса да, қолымызда арнайы құралдар бар еді. Өзімізді қорғау үшін оларды қолдануға тура келді. Дегенмен, көптің аты – көп қой, сап бұзылып, сарбаздар ыдырай бастағанда әскерлеріміздің әрқайсысына оншақты адамнан жабылып оларды соққыға жыға бастады. Арашалап, сарбаздарға тиіспеулерін сұрап, сабырға шақырып, басу айтқанымызбен, ызаға булыққан көпшілік көнер емес. Оның үстіне көбінен ішімдіктің иісі шығып тұрды, тіпті есірткі қолданғандары да бар тәрізді. Сол жерден 28 сарбазым жарақат алды, - дейді командир.
Сарбаз Дәурен Ешимовтың айтуынша, бүлікшілердің дені 20 мен 30 жас аралығындағы жігіттер көрінеді. «Бас-көз демей, тарпа бас салған олардың ойында не болғаны да белгісіз. Тіпті, аяушылық байқалмайды, «өлтір, көзін құрт» деп атойлап жүргендерден бәрін күтуге болады» дейді ол.
«Сабымыз ыдырағаннан кейін бізді бөліп алып, жабылып сабай жөнелді. Мәмілеге келу, әңгімелесу дегенді білмейді. Шамамыз жетпейтінін біліп шегініп, қаша бастадық. Сөйтіп, орталық көпірден түсе бергенімде, қуып жеткен топ соққының астына алып, көпірден төменге лақтырып жіберді. Жобамен 7, 8 метр биіктіктен құладым» дейді сарбаз атқыш Дәурен Ешимов. Кейін ол адамдардың көмегімен дәрігерлік пунктке жеткізіліпті. Қазір жағдайы жаман емес, қызметіне кіріскен.
Сарбаздың жанына соққыдан гөрі осы қаскөйлікті сырттан келген жау емес, өз еліндегі қандастарының жасағаны қатты батыпты. «Ер азаматтың басына не келіп, не кетпейді. Қинайтыны - бейбіт күнде өз қаракөздеріміздің бірін-бірі жау санап, жағадан алып, зәбірлеп жатқандығы. «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос» демей ме, әр қазақ бір-бірін дос көріп, құрметтей білгенге жететіні жоқ екен ғой» дейді сарбаз.
«Алаңдағы 3 мың адамның бәрі бірдей басбұзар деуден аулақпын, бірақ, оның ішінде арандатушы топ бар екенін аңғару қиын емес. Олар сарбаздардың жұмысына кедергі келтіріп қана қоймай, киімдерін шешіп, әскери бұйрықтан жалтаруларын талап етіп, қоқан-лоққы көрсетіп жатты. Көпшілігі жігіттердің әскери міндеттерінен бас тартқанын қалады. Бірақ, тәртіпті сақтау - бізге берілген бұйрық. Ал, сол жерде әскери киімді шешіп, екінші тарапқа өту – бұйрыққа бағынбау. Ондай жағдайда сарбаз жауапқа тартылады. Бірақ, біздің жігіттер - шыдамды, өз міндеттерін толық білетін азаматтар» дейді бөлім командирі Манат Наукеев.
Айта кетейік, қаңтардың 4-і күні билікке наразылық білдіріп орталық алаңға жиналған халық келесі күні облыс әкімдігі ғимаратының алдына барып, бейбіт шерудің соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласқан болатын. Қақтығыс салдарынан 1 адам қаза тауып, бірнеше адам жарақат алды.