Қазақстанның Еңбек Ері, композитор, өнер зерттеушісі Илья Жақанов Ұлттық Құрылтай туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ATPress.kz.
«Бұл өзгерістер өз бастауын қаңтар оқиғасынан алады» дейді өнер адамы.
Бұрынғы бағыттан жаңа кезеңге бет бұру керектігі қаңтардың қиын күндерінде анық көрінгендігін айтқан ол үнінің билікке жетпеген наразы халықтың дауысы Президентке жеткенін атап өтті.
- Нақты іс-шаралар қарастырылып, Жаңа Қазақстан ұстанымы жария болды. Бұл дегеніміз – жаңа мазмұн, жаңа бағыт. Қазір ақпарат кеңістігіндегі жылдамдықта шек жоқ. Бәрін де естіп, көріп, біліп отырмыз. Президенттің кедейлікпен күресу, ел байлығын халыққа жұмсау, оның әл-ауқат, мәдениет, тұрмысын көтеруге жұмыстанып жатқанын бәріміз де байқап отырмыз. Мемлекет басшысы әр саланы жетілдіру, дамыту бағытындағы ашық, жарқын ойларын айтуда. Өте құптарлық. Сең бұзылды. Халықтың өз талабына сай, даму жолына қадам жасалды. Кешегі референдум да Жаңа Қазақстан құрудағы маңызды элементтің бірі болғаны белгілі. Халық елдің даму бағытына өзі үлес қоса алатынын анық көрді, референдум нәтижесі соны дәлелдеді де, - деді Илья Жақанов.
Өнер қайраткері ел бірлігі ең бірінші кезекте тұруы қажеттігін ерекше атады. Ұлтаралық араздықтың туындауы тыныш елдің берекесін қашыратынын, ұлт тұтастығы мәселесін әсіре қызбалықпен емес, даналықпен шешуге шақырды.
- Қазіргі таңда кең байтақ елімізді мекендейтін ұлт пен ұлыстар диаспора емес, біртұтас егемен елдің бір бөлшегі деген саясатқа мән берілуде. Қазір алмағайып заман. Ұлтаралық араздық, теріс пиғыл, арам ниеттің туындауы аяқ астында. Сондықтан, бұл кедергілерден еліміз аман-есен өтуі үшін Президент өз бастамалары арқылы жауап ұсынуда. Таза еңбек, адалдық қана жақсылықтарға бастайды, - деді ол.
Илья Жақанов ұлттық құрылтайдың ел ішінде қор¬да¬ланған мәселелерді ашық, ауқымды алаңда көтеруге ықпал ететінін жеткізді. Бұл бастама елімізде жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуына жол ашатынымен де құнды. Аталған институтты құру барлық ұлт¬тық жоба мен стратегия¬лық құжаттарды ашық талқылауға мүмкін¬дік береді деген пікірде.
- «Келісіп пішкен тон келте болмайды». Сонау Алтай¬дан Атырауға дейінгі ұланғайыр далада күн кешкен халқымыздың өмірлік тәжірибесінде елдік, жалпы жұртқа қатысты келелі шаруаны қабырғасымен кеңесіп, ортақ ақылдасу арқылы шешкені бәрімізге аян. Бірлігі бекем, тірлігі бақуатты болуы үшін де тілек пен ниет бір арнада тоғысуы керек. Сол себепті де осынау аталы сөз ғасырлар бойы жадылардан өшпей, бүгінгі Ұлттық Құрылтайдың өзегіне айналып отыр.
Оның үстіне халықтың өз үнін жеткізуге мүмкіндік алып, ел мүддесі жолында жұмыстануына жағдай жасалуы да Жаңа Қазақстанның ұстанымы жүзеге асып жатқанын көрсетеді емес пе, - дейді композитор.
Айта кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ұлттық Құрылтай құрылды. Құрылтай құрамында Қазақстанның Еңбек Ері, композитор, өнер зерттеушісі Илья Жақанов бар.