«Бұл да кезекті ойын ба?» Хаменова желіде жазба қалдырды

«Тағы да 10 күн тар қапаста үміт пен күдіктің тайталасын басынан кешіруге тура келеді» деп жарияланды облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың әлеуметтік желідегі парақшасында.

Пара алды деген күдікке ілінген облыс әкімінің бұрынғы орынбасары судьяның ауырып қалуы себепті кезекті сот отырысының он күн кейінге шегерілгенін айтады.
«Қаңғырған сан сұрақ жегідей жеп барады. Хаменованы темір торға тоғытуға мүдделі тараптың кезекті ойыны ма бүгінгі әрекет деген ойды ауыздықтау мүмкін болмай тұр. Қателессек екен осы тұрғыда...» делінген жазбада.
Ода бөлек онда бұған дейінгі сот отырыстарында куәгерлер мен айғақтардың  Хаменоваға тағылған айыпқа қатысы барын растағамағаны айтылған.
«Өткен жолы антикорлықтар ресми парақшасында «Хаменованың әрекеттері жиналған дәлелдемелерді, оның ішінде жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерін, сондай-ақ күдіктілер мен куәлардың тікелей айғақтарын ескере отырып сараланады. Тағылған айыптың негізділігі мен заңдылығы прокурормен расталды» деп жазба қалдырды.
Бірақ сот барысында бірде-бір куәгер, бірде-бір жасырын-ашық айғақ Хаменованың тағылған айыпқа қатысы барын растаған жоқ. Абай ескерткішін орнату мәселесі Хаменова Атырау облысына қызметке келместен бұрын, 2019 жылы кесіп-пішілген. Пара алу, беру туралы мәселесі де сол жылдан бастап талқыға түскен.
Тіпті күдіктінің бірі - Адамов Хаменоваға қарсы жалған куәлік беруге антикорлықтардың ықпалы болғанын сотта ашып айтты» дейді ол жазбасында.

«Адамның құқығы мен бостандығын қорғаушы прокуратура өкілдерінің тергеу материалдарын сараптарда нені негізге алғаны түсініксіз.
Кезекті сәтсіз сценарий. Бірақ алда тағы қандай сюжет иірімдері күтіп тұрғаны белгісіз. Бүгінгі соттың кейінге шегерілуінің жоғарыда аталған «шығармашылық иелеріне» қатысы жоқтығына сенгіміз келеді» дейді пост иесі.