«Бұл – халықты заңдық тұрғыда алалау!». Атыраулық ардагер елдегі жағдайға қатысты пікір айтты

Атыраулық ардагер елдегі жемқорлық пен ынсапсыздықты сынға алды,- деп хабарлайды ATPress.kz.

Мемлекеттік қызметтің ардагері Қатимола Ризуанов елдегі жағдайларға қатысты пікір білдірді.

«Бізде неғұрлым ақша көп жесе, құтылады, ал, аз жеген тұтылады» деген пікір айтылып қалып жатады. Оған қоса кейбір істі болғандар миллиондап тиісті пұлын төлесе, жазасы жеңілдеп, жауапкершіліктен босатылады. Кейбір деректерге қарағанда осылай ма деп қаласың? Меніңше бұл мемлекет тарапынан халықты заңдық тұрғыда алалау, бірін қолдап, екіншіге «ақшаң болса – талтаңда» дегенге ұқсайды» дейді ардагер.

«Жасыратыны жоқ, бізде ел басына қиындық төнген сәттерді пайдаланып, байлығын тасытып қалуға ұмтылатындар да бар. «Қазақпыз, ешкімге зиян жасамаған елміз» деп мақтанамыз. Ал, «бензин қымбаттайтын болды» немесе зейнетақы, жалақы өседі» делінсе, базар бәсі қымбаттап шыға келеді. Сосын орталыққа түрлі сылтау айтып, орынсыз талап қояды. «Бағаны қалай қойсам да өзім білемін» деп қырсығатындар да бар. Бұл - «Құлан құдыққа құласа, құрбақа құлағында ойнар» дегеннің өзі, - деп ашынады ақсақал.

«Халықтың сана-сезімі мен рухын көтеретін тәрбие жұмыстарына жұмылуымыз керек. Тіпті оны балабақшадан бастап кешенді жүргізсек қана қадамымыз алға басады деп ойлаймын» дейді атыраулық ардагер Қатимолла  Ризуанов.