20 «Желтоқсан», 2022 325

Бүгін Атыраудағы мерекелік шыршалардың шамдары жағылады

 Бүгін Атыраудағы мерекелік шыршалардың шамдары жағылады

Бұл туралы Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Атырауда жаңа жыл қарсаңында бірнеше мерекелік іс-шаралар өтеді. Бүгін 20 желтоқсан күні сағат 18:00-де қаланың мөлтек аудандарында орналасқан мерекелік шыршалардың шамы жағылмақ.

- Тұрғындарға, кішкентай бүлдіршіндерге мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында қала аумағында әр түрлі мерекелік іс-шаралар өтеді. Атап айтсам, бүгін қаладағы барлық шыршалар мен безендірулердің шамдары жағылады. Сондай-ақ желтоқсан айының 24, 25, 31 және 1-қаңтар күні Сарайшық коммуналдық базарында ауыл шаруашылық өнімдерін сататын жәрмеңке ұйымдастырылады. 24-29 желтоқсан аралығында М.Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театрында кішкентай бүлдіршіндерімізге арналған ертеңгіліктер өтеді. Сонымен қатар дәл осындай ертеңгіліктер желтоқсан айының 26-30 аралығында Атырау қаласына қарасты 7 ауылдық округтердегі мәдениет үйлерінде де өтетінін хабарлаймын. Жаңа жылдың, яғни 2023 жылдың 2-5 қаңтар аралығында Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында баларға арналған ертеңгілік өз жалғасын табады, - деді Н.Ермұханов.


Сондай-ақ қала әкімі орынбасарының айтуынша, 31-желтоқсан күні С.Бейбарыс алаңында қала халқы мен қонақтары үшін Атырау қаласының өнерлі жастарының қатысуымен мерекелік концерт өтеді. Іс-шара соңы мерекелік от шашумен аяқталмақ.