Атырау облысында қолайсыз ауа райының салдарын жою жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды AtyrauPress.
Бұған дейін өңірде ауа райының күрт нашарлауына байланысты бірқатар нысандарға зақым келіп, электр энергиясы мен көлік қозғалысына уақытша шектеулер енгізілген болатын. Қазіргі таңда облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен өткен штаб отырысында тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің үздіксіз жұмысын сақтау және апат салдарын жою шаралары талқыланды. «Қазгидромет» мәліметінше, бүгін Индер ауданында желдің екпіні 30 м/с-қа, Атырау қаласында 24 м/с-қа дейін жеткен. Ал түнде облыс аумағында жел 23–28 м/с-қа күшейіп, 15 желтоқсан күні кешке дейін боран соғуы мүмкін.
Төтенше жағдайлар департаменті шатырлардың ұшуы мен зақымдануына байланысты демонтаж және жинау жұмыстарын ұйымдастырып, автожолдардың жекелеген учаскелерін жапты. Құтқару бригадалары, кезекшілік бекеттері және жылыну қосындары іске қосылды. Бірқатар аудандарда әлеуметтік және тұрғын нысандарға зиян келіп, электр желілерін қалпына келтіру үшін ондаған бригада жұмылдырылды.
Облыс әкімі жауапты қызметтерге бүлінген нысандарды жедел оқшаулау, қауіпті аймақтарға адамдардың кіруіне жол бермеу, сондай-ақ қалпына келтіру жұмыстарының барысы туралы тұрғындарды уақытылы хабардар етуді тапсырды. Сонымен қатар ауа райы тұрақталғанша білім беру ұйымдарын онлайн форматқа көшіру, диспетчерлік қызметтердің жұмысын күшейту және автожолдардағы қозғалыс шектеулерінің сақталуын бақылау міндеттелді.
Айта кетейік, “Атырау Жарық” ЖШС дерегінше, облыс бойынша 105 нүктеде электр жарығының сөнуі тіркелген. Ақауларды жоюға 40 бригада жұмылдырылып, қалпына келтіру жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде. Қазіргі уақытта апат салдарының 85 пайызы жойылған.