Боран мен көктайғақ: Атырау облысында бірқатар жолдар жабылды

Атырау облысында қолайсыз ауа райына байланысты жол қауіпсіздігі күшейтілді, деп хабарлайды AtyrauPress.

Бұған дейін өңірде жол қозғалысы қалыпты режимде жүзеге асса, алдағы ауа райының күрт нашарлауына байланысты бірқатар шектеу енгізілді. «Қазгидромет» РМК дерегінше, 14 желтоқсанда облыста қар, боран және көктайғақ күтіледі. Солтүстік аудандарда қалың қар жауып, желдің жылдамдығы 15–20 м/с-қа жетсе, екпіні 28 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін. Ал облыстың оңтүстігінде жел екпіні кей уақытта 30 м/с-тен асады.

Осыған байланысты Полиция департаменті Атырау–Орал, Атырау–Ақтөбе, Атырау–Доссор–Бейнеу бағыттарындағы республикалық маңызы бар тас жолдардың уақытша жабылғанын хабарлады. Қалған бағыттарда көлік қозғалысы полиция қызметкерлерінің сүйемелдеуімен жүргізілуде.

Атырау қаласында көктайғақтың алдын алу мақсатында жолдарға арнайы реагент себу жұмыстары басталды. Бұл жұмыстарға 5 бірлік құрама жол техникасы жұмылдырылып, қала көшелері, көпірлер мен ауылдық округтер жолдарын қамтып жатыр.

Айта кетейік, қыс мезгілінде Атырау облысында ауа райының күрт құбылуына байланысты жолдарда уақытша шектеулер жиі енгізіледі. Төтенше қызметтер жүргізушілерден қауіпсіздік талаптарын сақтап, жылдамдықты асырмауды және арақашықтықты қатаң ұстануды сұрайды.