«Болашағымды тек ТШО-мен ғана байланыстырамын»

Қазақстанның батысында мұнайлы өңір саналатын Атырау – еліміздің өндірістік жүрегі. Мұнда еңбек адамдарының жетістігі, жаңа буын техникалық мамандардың кәсіби қалыптасуы аймақ дамуының басты көрсеткіші. Сол жас мамандардың бірі С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің бірінші курс студенті, жас электромонтажшы Петр Курасов. Ол болашағын тек ТШО-мен ғана байланыстыратынын айтады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Ол «Теңізшевройл» компаниясы ұйымдастырған тегін курстан өтіп, бүгінде ірі мұнай компаниясында тәжірибеден өтіп жүр. Біз Петрмен оның өмірлік жолы, білім мен еңбектің маңызы және Қазақстандағы техникалық мамандықтардың болашағы жайлы әңгімелестік.

– Петр, алдымен өзіңіз жайлы және техникалық мамандықты таңдауыңыздың себебі туралы айтып өтсеңіз.

— Мен Атырау облысында туып-өстім. Мектеп кезінде техника, электр жүйелері мен өндіріс процесіне қызығушылығым ерекше еді. Әкем де энергетика саласында жұмыс істейді, сондықтан бала күнімнен токтың, сымның, құралдың не екенін ерте түсіндім.

Мектеп бітірген соң инженер болуды мақсат еттім. Бірақ теориялық біліммен қатар, нақты практикалық тәжірибе керек екенін білдім. Сол кезде Теңізшевройл компаниясының «Электромонтажшы» мамандығы бойынша тегін курстары туралы естіп, бірден өтініш бердім.

2022 жылы мен конкурс арқылы оқуға қабылдандым. Бұл менің өмірімдегі ең маңызды кезеңдердің бірі болды.

– ТШО курстары қалай өтті? Оқу процесі несімен ерекшеленді?

— Курстар «Apec Petrotechnic» жоғары колледжінің базасында өтті. Барлық жағдай жасалған еді: жақсы құрал-жабдықтар, кәсіби оқытушылар, тәжірибелік цехтар.

Оқу тек аудиторияда өтпеді — біз өндірістік ортаға барынша жақын жағдайда тәжірибе жасадық. Мысалы, нақты электр жүйелерін қосу, сымдарды монтаждау, құралдармен қауіпсіз жұмыс істеуді үйрендік.

Сонымен қатар, оқуға қатысушылар үшін тегін тамақтану ұйымдастырылды, ал қала сырты мен басқа өңірлерден келгендерге жатақхана берілді. Бұл да жастарға үлкен қолдау.

Курстарды сәтті аяқтап, 1000 вольтқа дейінгі электр желісімен жұмыс істеуге рұқсат беретін сертификат алдым. Қазір осы білімімді нақты өндірісте пайдаланып жүрмін.

– Қазір сіз ірі мұнай компаниясында тағылымдамадан өтіп жатырсыз. Сол тәжірибеңіз туралы айтып өтсеңіз.

— Иә, мен қазір «Жайық» кен орнында орналасқан мұнай компаниясында тәжірибеден өтудемін. Бұл мен үшін үлкен мектеп. Өндіріс алаңында жұмыс істеу – жауапкершілікті, тәртіпті және мұқияттылықты қажет етеді.

Біз командамен бірге электр жүйелерін орнату, құралдарды тексеру, энергия үнемдеу жүйелерін реттеу жұмыстарымен айналысамыз. Жұмыс барысында аға мамандардан көп нәрсе үйреніп жүрмін. Әрбір тапсырма – жаңа тәжірибе, жаңа сабақ.

Мұнда мен курстарда алған білімнің нағыз өмірде қалай іске асатынын көріп жүрмін. Бұл менің таңдауыма деген сенімді күшейтті.

– ТШО ұйымдастырған курстар туралы жалпы ойыңыз қандай?

— Бұл – жастар үшін тамаша мүмкіндік. Теңізшевройл тек мұнай өндіретін компания емес, сонымен қатар аймақ халқының әлеуметтік дамуына үлес қосып отырған ірі серіктес.

ТШО-ның Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік бағдарламасы аясында жыл сайын жүздеген азамат тегін оқудан өтеді. Мысалы, өткен жылы 168 адам «Электромонтажшы», «КИП монтажшысы», «Трубомонтажшы», «Металл конструкцияларын дәнекерлеуші» мамандықтары бойынша білім алды. Биыл шамамен 125 адамды оқыту жоспарланып отыр.

Бұл – тек жұмыссыздарға емес, болашақ мамандарға да үлкен қолдау. Курстардың арқасында көптеген жастар жаңа кәсіпке ие болып, табысқа жетуде.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл жаңалық сізге қалай әсер етті?

— Бұл бастама мен сияқты жастарға үлкен мотивация берді. Президент өз Жолдауында: «Еліміздің болашағы – еңбек адамының қолында. Біз жұмысшы мамандықтардың беделін көтеруіміз керек», – деп нақты айтты.

Шынында да, қазір жоғары білім алумен қатар, кәсіби-техникалық бағыттарға да сұраныс артып келеді. Өндірістік сектор, энергетика, құрылыс салалары еліміздің экономикалық тірегі. Сондықтан еңбек адамының еңбегін бағалау – мемлекет үшін стратегиялық қадам.

Мен өзімді сол жаңа буын еңбеккерлерінің бірімін деп санаймын. Президенттің бастамасы бізге сенім береді және еңбектің қадірін арттырады.

– Сіздің анаңыз Ольга Курасова да ұлының жетістігіне ерекше қуанады деп естідік. Оның қолдауы туралы не айтасыз?

— Иә, анам – менің ең үлкен тірегім. Ол әрдайым «еңбектенсең, бәріне қол жеткізесің» деп айтып отырады. Курстар кезінде де, оқу барысында да әрдайым қолдау көрсетіп отырды.

Анам: «ТШО курстары сенің өміріңді өзгертті. Қазір сен нақты мақсатпен жүрсің, тәжірибең бар, өз орныңды таптың», – дейді. Шынында да, бұл бағдарламаның арқасында мен өз болашағыма сенімді болдым.

– Болашаққа қандай жоспар қойдыңыз?

— Қазір университеттің бірінші курсындамын, алдағы уақытта оқуымды үздік аяқтап, инженер-электрик болғым келеді. Болашақта өндірістік кәсіпорында немесе энергия үнемдеу жүйелерімен айналысатын халықаралық компанияда жұмыс істеу – арманым.

Сонымен қатар, өз тәжірибемді кейінгі жастармен бөлісіп, еліміздегі техникалық мамандықтардың дамуына үлес қосуды қалаймын.

– Петр, жастарға, әсіресе өзіңіз сияқты жол іздеп жүрген түлектерге қандай кеңес берер едіңіз?

— Ең бастысы – өз ісіңді жақсы көру және қорықпау. Қай салада болса да, еңбекқор адам әрқашан жетістікке жетеді. Техникалық мамандықтар бүгінгі таңда аса қажет. Бұл – нақты, тұрақты әрі болашағы зор бағыт.

Сондықтан жастарға айтарым: мүмкіндікті пайдаланып, оқудан, еңбектенуден қашпаңыздар. Қазір мемлекет пен ірі компаниялар тарапынан қолдау жеткілікті. Тек ниет пен табандылық керек.

– Соңғы сұрақ. Сіздің ойыңызша, еңбек адамының қоғамдағы рөлін қалай арттыруға болады?

— Біріншіден, техникалық және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру үшін мектептен бастап кәсіптік бағдар беру жұмысы күшеюі тиіс. Оқушыларға нақты өндіріс қалай жұмыс істейтінін көрсету керек.

Екіншіден, осындай әлеуметтік жобалар көбейсе, жастардың кәсіби дамуға деген қызығушылығы артады. ТШО сияқты компаниялардың үлгісі – еліміздегі кәсіпорындарға жақсы мысал.

Үшіншіден, еңбек адамына құрмет қоғамда мәдениет ретінде қалыптасуы қажет. Президенттің Жолдауда көтерген бастамасы осы бағытта үлкен серпін берді деп ойлаймын.

P.S. Петр Курасовтың өмір жолы – еңбек пен білімнің ұштасуының жарқын үлгісі. Ол сияқты жастар елдің өндірістік болашағын қалыптастырып, Қазақстан экономикасын алға сүйреуде.

 «Теңізшевройл» компаниясы жүзеге асырып отырған әлеуметтік жобалар – тек оқыту емес, тұтас ұрпақтың тағдырын өзгертіп жатқан игі іс. Ал Мемлекет басшысының «Жұмысшы мамандықтар жылы» туралы бастамасы – дәл осындай еңбекқор жастардың еңбегін ел алдында лайықты бағалау үшін жасалған маңызды қадам.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ