«Біз біргеміз!» жалпыұлттық телемарафонына атыраулықтар да қосылды (+ВИДЕО)
Дәл қазір эфирде «Біз біргеміз!» жалпыұлттық телемарафоны өтіп жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
10 республикалық арнадан көрсетіліп жатқан шараның басты кейіпкерлері – табиғи апат кезеңінде батылдық танытып, өз өмірі мен денсаулығын қауіп-қатерге тіге отырып қызметі мен азаматтық борышын абыроймен атқарған қазақстандықтар. Олардың қатарында құтқарушылар, медицина қызметкерлері, әскери қызметшілер, еріктілер, кәсіпкерлер мен сын сағатта жұдырықтай жұмылып, ынтымақ пен бірліктің үлгісін танытқан ел тұрғындары бар. Мемлекеттік органдардың өкілдері су тасқыны салдарын жою және қалпына келтіру жұмыстары, тұрғын үймен қамтамасыз ету, материалдық залалды өтеу, инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етеді. Онлайн трансляция телеарналардың ресми сайттарында, Facebook және YouTube желілерінде жүргізіледі.
Жалпыұлттық шараға атыраулықтар да атсалысуда. Атыраудағы Жайық жағасы биік бөгетпен нығайтылды. Бір айға жетпейтін уақыт ішінде жағаны бекіту жұмыстарының 97 пайызын аяқталып, 510 шақырымнан асатын қорғаныс бөгеті тұрғызылды. Тасқынға қарсы жұмыстарға 15 мыңнан астам адам мен 1400-ге жуық техника жұмылдырылды.
Жайық өзенінен Каспий теңізіне су өткізу қабілетін арттыру үшін өзен түбін тереңдету жұмыстары жүріп жатыр. Қазір 11,5 текше метр топырақ алып тасталды. Ал Жайықтың бүгінгі жағдайын айтар болсақ, қалада бір тәулікте су тағы 4 см-ге көтеріліп, 446 см-ге жетті. Қауіпті деңгей 550 см.
Бейнеулік жанұя Құлсарыдан келген 8 отбасын өз үйіне орналастырды. Игі іске үй-іші түгел жұмылған. Олар 30 шақты адамды үш мезгіл аспен, жылы орынмен қамтыды.
Айта кетейік, «Qazaqstan», «Хабар», «Jibek Joly», «Еуразия бірінші арнасы», «КТК», «31 арна», «Atameken Business», «Astana TV», «7 арна» және «Almaty TV» телеарналарының тікелей эфирінде көрсетілетін «Біз біргеміз!» жалпыұлттық телемарафоны сағат 17:00-ден басталып түнгі 22:00-ге дейін жалғасады.