Атырау облысында «Damubala.kz» платформасы арқылы 34 мың 200 бала тегін үйірмелерге қатысып жатыр. Бұл ретте былтыр Атырау облысына 2 460 128 000 теңге бөлінген. Соның ішінде 18 мың 200 бала спорт секцияларына, ал 16 мың бала шығармашылық, өнер үйірмелеріне тегін қатысуда.
Қазір Атырау қаласында спорттың 15 түрі бойынша үйірмелер жұмыс істеп тұр. Атап айтқанда: футбол, волейбол, баскетбол, каратэ, еркін күрес, қазақша күрес, суда жүзу, шахмат, үстел тенисі, бочча (мүгедектігі бар балаларға арналған спорт түрі), гимнастика, спорттық би және басқа да спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндіктері бар.
Атырау облыстық денешынықтыру, спорт және туризм басқармасының бас маманы Ернұр Ниетжановтың айтуынша, 4 және 17 жас аралығындағы балаларын мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативімен қамтылған тегін үйірмелерге тіркей алады. «DamuBala» жаңа интернет-платформасы өңірдің спорттық және шығармашылық ұйымдарының басын біріктіреді, ата-аналар өз ЭЦҚ-сы арқылы аталған платформада балаларын қалауына қарай үйірмелерге тегін жазып, қатыстыра алады.
Еске салайық, елімізде мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына қаржыландыру жүйесі негізінде «Artsport.edu.kz» сайты қолданылды. Ал былтырдан бастап «DamuBala» платформасына көшірілді.
Ернұр Ниетжанов өңірде футбол, бокс, дзюдо және шахмат үйірмелеріне деген сұраныстың көптігін алға тартты. Жалпы, әр балаға қатысатын үйірмесіне байланысты мемлекеттен 20 мың теңгеден бастап ақша бөлінеді. Ал мүмкіндігі шектеулі балаларға екі есе төленеді. Айта кетерлігі, бір бала – тек 1 ғана үйірмеге қатыса алады.
«Бір айда бала 12 сабаққа қатысады. Әр сабаққа 1200 теңгеден төленеді. Егер бала 1 сабаққа қатыспай қалса, онда ол күнге ақша төленбейді. Биылдан бастап Face ID функциясын енгізуді жоспарлап отырмыз. Өйткені осыған дейін бірқатар кемшіліктердің орын алғанына көз жеткіздік. Мәселен, «DamuBala» платформасына үйірмеге қатысушы ретінде жөн-жосықсыз тіркей берген жағдайлар болды. Олардың үйірмелерге қатысып, не қатыспай жүргенінен хабардар болмадық. Сосын олар бір айда өткізілетін 12 сабақтың нешеуіне қатысты, ол жағы да белгісіз еді. Бұдан бөлек, үйірме ашқандар ағайын-туыстарының, көрші-қолаңының балаларын ЭЦҚ кілттерін алып тіркей беретін болды. Қазір ата-аналар ай сайын ЭЦҚ кілті арқылы қол қойып жаңартып отыруы тиіс. Өйтпеген жағдайда автоматты түрде бала тізімнен шығып кетеді», - дейді Е.Ниетжанов.
Қазір балалар футбол мен шахматтан жақсы нәтиже көрсетіп отыр екен. Олар облыстық, халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрінуде. Мәселен, «Жұмыскер» шағынауданында «RealSportAcademy» жас ойыншылары көзге түсті. Футбол академиясы 2018 жылдың маусым айында ашылған. Алғашында онда 60 бала доп қуса, қазір олардың саны 6 есеге артып отыр. Оны кәсіпкер, бұрынғы кәсіпқой футболшы Берік Мұраталыұлы бірде-бір үйірмесі жоқ сол кездегі Жұмыскер ауылынан арнайы ашты. Ондағы мақсаты – қаладан шалғай елді мекендерде тұратын балалардың футболмен айналысуына мүмкіндік жасау және Атырау футболшыларын жоғары деңгейге шығару.
«RealSportAcademy» штатында 12 қызметкер жұмыс істейді, олардың ішінде академия базасында жұмыс істейтін және тұратын, жоғары спорттық білімі, УЕФА В және С санаттарындағы біліктілігі мен жұмыс тәжірибесі бар 4 жаттықтырушы, сондай-ақ спорт дәрігері, техникалық персонал және әкімшілік құрам бар. Қазір онда 160 бала «Damubala.kz» платформасы арқылы үйірмеге жазылған.
«Жұмыскер, Сарықамыс, Еркін қала, Балауса Өркен деген ауылдарда мүлдем спорт кешені болмады. Орталықтан да ашуға мүмкіндігім бар еді, бірақ сол ауылдардың балалары футболмен айналыссын деген мақсат болды. Бастапқыда жаттықтырушыларды өз есебімнен Түркиядан шақырдым. Қазір солардан тәрбие алған жаттықтырушылар осында жұмыс істейді. Академияда 5-16 жас аралығындағы балалар футболмен айналысады. Бес жыл ішінде көптеген жетістіктерге жеттік. Ойыншылар 39 турнирда өнер көрсетті, оның ішінде бесеуі ҚР аумағынан тыс шетелде өткізілген халықаралық турнирлер. «RealSportArena» жабық манежінде 20-дан астам турнир мен жолдастық ойындар өткізілді. Осы күнге дейін біздің футболшылар 37 кубок жеңіп алды. Жеті рет Түркияға, бір рет Испания еліне спорттық жиынға шықты. Академияның 80 футболшысы түрік клубтарындағы байқаулардан өтті. Ал 9 футболшысы еуропалық клубтарға спорттық жиындарға шақырылды. Осында тәрбие алған 25 түлек «Атырау» футбол клубына берілді. Болашағынан үміт күтіп отырған ойыншылар көп, солардың ішінде Досан Расул, Жанбала Асанали, Төленді Руслан, Абдуллах Әбілқасұлы, Тимур Басаров, Дильназ Барсаева, Сырым Жексенғалиев, Наиль Хайруллин, Мәлік Жігер деген ойыншылар мықты. Жас футболшылар 2021, 2022, 2023 жылдары қатарынан жеке клубтар арасындағы Қазақстан чемпионатында 3 жыл қатарынан Чемпион атанды, - дейді Берік Мұраталыұлы.
Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы да «DamuBala» интернет-платформасы бойынша мемлекеттік шығармашылық тапсырысты жүзеге асырып отыр. Баспасөз қызметі берген мәлімет бойынша, «DamuBala» платформасында 70-ке жуық кәсіпкер, 31 түрлі 334 үйірме, 16 000 ваучер бар. Оның ішінде балалар домбыра, көркем сурет салу, актерлік өнер және сахналық сөйлеу, би түрлері және вокалдық бағыттар бойынша тегін үйірмелерге қатысып жатыр. Сонымен қатар осы бағытта облыстық, республикалық, халықаралық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болды.
Биыл да балаларды үйірмелерге тіркеу жүзеге асады. Алайда нақты уақыты әзірге белгісіз.
Эльмира Мықтыбаева