Атырау қаласына қарасты Жұлдыз-2 ауылында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында оқу ордасы салынып жатыр. Мектептің құрылысы аяқталған соң онда бір ауысымда 900 оқушы білім алады. Бас мердігер «Каспийская кадровая ассоциация» ЖШС. Ал тапсырыс беруші –«Samruk Kazyna Construction» акционерік қоғамы.
Жұлдыз-2 ауылындағы жайлы мектептің құрылысы былтыр қыркүйек айында басталды. Учаске бастығы Бейбіт Әшімовтың айтуынша, жұмысшылар тоқтаусыз еңбек етіп жатыр.
«Күн жылып келеді. Мердігер мекеме екінші ауысым ұйымдастырам деп отыр. Өйткені алға қойған межеге жетіп алуымыз керек. Сондай-ақ, алдағы уақытта тағы жұмысшылар саны артады. Олар кірпіш қалайды, еден құяды, терезе, есік қояды, инженерлік жүйе жүргізеді және тағы басқа да түрлі жұмыстар істелінеді. Сосын біз осындағы әр адамның қауіпсіздігіне баса назар аударамыз. Жұмысшылар міндетті түрде басына каска киеді, монтаж белдігін тағады, үстеріне жылы әрі ыңғайлы киім берілген. Мәселен, аяқ киімнің тұмсығы темірден істелінген. Бұл аяққа ауыр зат түсіп кеткен жағдайда башпайларына зақым келмесі үшін ойластырылған. Жұмысшылар жалақысын уақтылы алады. Айына шамамен 400-500 мың теңге шығады», - дейді учаске бастығы.
Гафур Жолдасов ағаш ұстасы. Ол құрылыс алаңында тұрғызылатын монолитті бетон немесе темір бетон конструкцияларына қажетті пішін беруге арналған элементтер мен бөлшектердің жиынтығын жасайды. Жалпы, құрылыста еңбек еткеніне 10 жылдан асыпты.
«Қазір мұнда темір, ағаш ұсталарынан құрылған бригада бар. Жалпы 30 жігіт жұмыс істеп жатыр. Құрылыс басында жарақат алмас үшін техникалық қауіпсіздікті сақтауға тырысамыз. Басымызда каска, белімізде арнайы белдік бар. Өзімізге сақ болған жөн. Таңнан кешке дейін қызу еңбек. Күніне бір рет түскі үзілісте тегін тамақ беріледі. Ас-ауқаттың бәрі дәмді. Енді балалар күзде жаңа мектепке келіп оқуы үшін жоспарды уақытында орындауымыз керек», - дейді Г.Жолдасов.
Тапсырыс беруші «Samruk Kazyna Construction» акционерлік қоғамының Атырау облысы бойынша өкілі Азамат Адамов жайлы мектептің ерекшеліктеріне тоқталды. Бұл білім ордасы 3 қабатты болады. Онда қауіпсіздік жағы да қарастырылған. Ғимараттың сыртына 25, ал ішіне 80 камера қойылады.
«Типтік мектептерге қарағанда жайлы мектептің аумағы 15-20 пайызға үлкен болады. Мәселен, бұл білім ордасы 4 гектар аумақта салынып жатыр. Оның ішіне мектеп ғимараты мен оның ауласы кіреді. Ғимарат сыртында жүгіру алаңы, балалар ойын алаңшасы, спорт алаңшасы, баскетбол мен футбол алаңдары да қарастырылған. Сабаққа балаларын әкелген кезде ата-ана қиналмауы керек. Сондықтан оларға ыңғайлы болу үшін үлкен көлік тұрағы да қарастырылған. Ол жерге мектеп ұжымы да көліктерін қоятын болады. Жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі және автобус аялдамасы да болады. Ғимарат 3 блоктан тұрады. Жайлы мектептің ерекшелігі - бастауыш пен жоғары сынып оқушылары бөлек кіреді, кабинеттері, тамақтанатын орны мен спорт залдары бөлек болады. Жалпы, балаға білім беру үшін не қажет, соның барлығын жасаймыз. Құрал-жабдықтарына дейін алып береміз. Зертхана, хореография залы, 206 орындық үлкен акт залы болады. Жоғары сынып пен бастауыш сынып оқушылары үшін кіру есігі бөлек қарастырылған. Жалпы 36 кабинет болады. Оның әрқайсысында 25 оқушыға шақталған. Қазір монолитті каркас жасалынып жатыр. Сосын кірпіш қалау басталады. Қазір құрылыс басында жалпы 52 жұмысшы бар. Алдағы уақытта ғимараттың ішкі жұмыстары басталады, сол кезде жұмыс қолы да арта түседі. Ал мектептің сыртын фиброцементті панельмен қаптаймыз, - дейді А.Адамов.
КамАЗ жүргізушісі Абат Әкетов құрылыс басына қажетті материалдарды тасып береді. Жасы 50-ді алқымдаған жұмысшының бұл салада 20 жылдық тәжірибесі бар. «Каспийская кадровая ассоциация» ЖШС-де еңбек еткеніне 5 жылдан асыпты. Оның айтуынша, құрылыста қолданылатын материалдардың бәрі отандық. Кран жүргізушілері Мұрат Тұрғынбаев пен Әсет Мұхабедин де қызу жұмысқа кіріскен. Олар да тәжірибелі мамандар. Құрылыс басында әр минут санаулы. Оған қоса бригаданың жұмысты шапшаң әрі дер кезінде орындауы – осы кран жүргізушілеріне байланысты десек артық емес. Айтпақшы, Мұрат Тұрғынбаев, Әсет Мұхабедин, Абат Әкетов сияқты техниканы тізгіндеген жұмысшыларды күн сайын медбике алкотесттен өткізеді және олардың қан қысымын тексереді. Жалпы, бұл серіктестіктің меншігінде 30 техника бар. Қазір құрылыс басында 2 кран, камаз, трактор, экскаватор жұмыс істеуде. Алдағы уақытта тағы қосымша техника жеткізіледі екен.
Жайлы мектептің жеке қазандығы болады. Мектептің жалпы шаршы метрі – 14 мың 457.
«Каспийская кадровая ассоциация» ЖШС Атырау қаласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 4 білім нысанын салып жатыр. Олар Жұлдыз-2 және Ақсай-2 ауылдарында 900 орындық, Водников шағынауданында және Құлсары қаласында 1200 орындық мектептің құрылысын бастады. Төртеуін де биыл қыркүйек айына дейін ақтауы тиіс.
Жаңа оқу жылында Жұлдыз-2 ауылының балалары жаңа да жайлы білім ордасына келуді асыға күтіп отыр. Өйткені ол ауылда мектеп жоқ. Атырау қалалық білім беру бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенованың айтуынша, олар Жұлдыз-1 ауылындағы 624 орындық N39 орта мектепте үш ауысымда білім алуда.
«Онда Жұлдыз-1, Жұлдыз-2, Жұлдыз-3 ауылдарының мектеп жасындағы 1-11 сынып аралығындағы 2 мың 630 оқушысы білім алып жатыр. Мектепте 99 сынып жиынтығы бар. Қазіргі уақытта мектепте оқушыларға кедергісіз, стандарт бойынша білім берілуде. Жұлдыз-2 және Жұлдыз-3 ауылдарында әрқайсысы 900 орындық жайлы мектеп салынуда», - деді қаланың бас педагогы.
Еске салайық, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында былтыр Атырау облысында 9 мектептің құрылысы басталды. Биыл тағы үшеуі салынады. Осылайша, 12 жаңа мектепте екі кезеңде 24 мың оқушы білім алмақ.
Эльмира Мықтыбаева