Биыл шегіртке қаптауы мүмкін – министрлік

Биыл қара шегіртке қаптауы мүмкін. Ауыл шаруашылығы министрлігі Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы зиянкестердің отанына айналады деп қауіптеніп отыр, деп хабарлады КТК.

Қазақстан бойынша фитосанитарлар 760 мың гектар жерге химиялық өңдеу жүргізіпті. Жердің басым бөлігі Әйтеке би ауданына тиесілі. Салалық орган егістікті отайтын зиянкестермен барынша күресіп жатыр.
"Қазіргі таңда үлкен қауіп бар. Бізді Ақтөбе облысы алаңдатып отыр. Жақында Әйтеке би ауданында техниканың дайындығын қарап, штаб отырысын өткіздік. Республика бойынша 760 мың гектар жерді, соның ішінде Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында 212 мың гектар жерді өңдейміз", - дейді АШМ агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Алмабек Марс.
Биыл шегірткеге қарсы күреске екі жарым миллиард теңге жұмсалады. Керек-жарақтың бәрі алынып, жұмыстар басталып кеткен. Алайда зиянкестердің таралу аумағы 2018 жылмен салыстырғанда едәуір қысқарыпты.
Мамандар сондай-ақ Қытай, Ресей, Өзбекстаннан жылда көшіп келетін шегірткелердің биылғы маусымда аса байқалмағанын айтады. Оған бір жағынан жүргізілген зерттеулер нәтиже бергенге ұқсайды.
Бүгінде шегірткемен күрес жұмыстары субсидияланады. Жергілікті бюджеттен қыруар ақша бөлініп келеді. Алайда бұл жұмыстар шаруаларды шаршатқан сыңайлы. Олар "Атамекен" палатасымен бірігіп, екі жыл бұрынғы жүйені қайтаруды сұрап отыр. Яғни, алдағы жылдары шегірткемен күрес шаралары қайтадан тұтастай мемлекеттің құзырына берілуі мүмкін.