Бұл туралы баспасөз орталығында өткен брифингте ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Атырау облысы бойынша филиалының директоры Азамат Бекіш мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі. Осы жылдың 1 наурыздан бастап ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясына оқуға қабылдау науқаны басталды. Үміткерлерден құжаттарды қабылдау онлайн форматта өтеді. Жаңа оқу жылына 10 магистрлік және 3 докторлық бағдарлама әзірленген. Сондай-ақ, Академия жыл сайын мемлекеттік тапсырыс негізінде магистратураға 120 және докторантураға 12 грант аясында құжаттарды қабылдайды. Халықаралық келісімдер негізінде стипендиялар мен гранттар бөлінген.
ҚР Президенті мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру, мемлекеттік қызметтің жұмысын қайта жаңғырту бойынша біраз тапсырма берді. Соның негізінде Академияның оқу бағдарламалары да қайта қаралып және асақталып, биылғы жылы оқуға қабылдау ережелері жаңартылды.
- Басты өзгерістерге тоқталып кетейін. Құжаттарды қабылдау мерзімі биыл 5 маусымнан 23 шілдеге дейін ұзартылды. Үміткерлер мемлекеттік органның жолдамасын конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша ұсына алады. Магистратура және докторантура бойынша білім беру бағдарлама саны артты. Ағылшын тілін білу деңгейін растайтын халықаралық сертификаттардың тізімі ұлғайтылды. Конкурстық іріктеу кезеңдері қайта қаралды. Магистратураға түсу үшін үміткерлер кемінде 2 жыл, докторантураға кемінде 3 жыл еңбек өтілі болуы қажет, деді А.Бекіш.
Сонымен қатар, А. Бекіштің айтуы бойынша, соңғы 3 жылда Атырау облысынан Академияны 6 қызметкер аяқтап, биыл 11 мемлекеттік қызметші білім алуда. Сондай-ақ, қазіргі таңда 18 мемлекеттік қызметші тіркеліп, құжат тапсырған. Жыл басынан қайта даярлау курсынан 32, біліктілігін арттыру бойынша 265 мемлекеттік қызметші өткен.