Биыл медициналық сақтандыру қоры бойынша бюджет көлемі 33 пайызға артты

Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕ АҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Байтолла Газизов мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Медициналық сақтандыру қорына жарналар енгізу арқылы, салымшы қабылдаудан бастап дәрігердің толық тексерулеріне дейін және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде қымбат операцияларға, диагностикалық (КТ, МРТ) және лабораториялық зертеулерге қол жеткізе алады.
Мемлекет халықтың экономикалық белсенді емес азаматтарына жарна төлейді. Ал, жұмыс берушілер – жалдамалы жұмыскерлерге, салық органдарында тіркелген өз-өзін жұмыспен қамтушы азаматтар – өздері үшін жарна төлейді.
-Осы жылдың бюджеті Атырау облысына жалпы 52 млрд 628 млн 583 мың теңге, оның ішінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көмегі шеңберінде 32 млрд 99 млн 612 мың теңге және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бойынша 20 млрд 528 млн 970 мың теңгені құрады. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 33%-ға өсті, деді Б.Газизов.
Сондай-ақ ол жұмысшы келісім шарт негізінде жұмыс жасаса немесе жалдамалы жұмысшы болса, онда ай сайын жалақының 2% жұмыс берушінің жалақы қорынан және жеке табыстың 3% қорға аударылатынын жеткізді. Ал, жеке кәсіпкер, шаруа қожалығының иесі ай сайын ең төменгі жалақының 1,4 еселенген мөлшерінің 5%, яғни 4200 теңгені қорға аудару қажет. Оған қоса, филиал директоры дербес төлеушілер үшін ай сайын ең төменгі жалақының 5%, яғни 3000 теңге, ауылдық елді мекен тұрғыны үшін 1531,5 теңге жарна аудару қажеттігін айтты.
Оның айтуынша, Qoldau-24/7 мобильдік қосымшасы халыққа медициналық көмек бойынша кеңестер беріп, азаматтардан шағымдар мен өтініштерді қабылдайды. Бүгінгі таңда аталған мобильдік қосымшасы 1406 байланыс орталығымен интеграцияланған.
Айта кетейік, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі елімізде өз қызметін 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асыруда.