26 Қаңтар, 2023 222

Биыл Атыраудың «Нұрсая» шағынауданында жаңа емхана салынады

 Биыл Атыраудың «Нұрсая» шағынауданында жаңа емхана салынады

Бұл емхана Атырау облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын іске асыру барысында жүзеге асып отыр.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысына келген сапарында «Ескерткіштер қоя бергеннен гөрі спорт және медицина нысандарын салуға баса назар аудару қажет» екендігін айтқан болатын. Президент бұған дейін де өңірлердегі денсаулық сақтау нысандарының ескіргендігіне де базар назар аударған еді.

Шаһардың «Нұрсая» шағынауданынан бой көтергелі отырған жаңа емхана 250 орынға шақталып салынады. Өйткені жаңа шағынауданда қазір тұрғындар саны артып, емдеу мекемесіне деген қажеттілік туындап отыр. Осы ретте денсаулық сақтау басқармасы 250 орындық жаңа емхана салуға облыс әкімдігіне ұсыныс білдірген. Қазіргі таңда нысанның жобалық-сметалық құжаты дайын.

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың айтуынша, 3 қабатты емхана «Нұрсая» шағынауданында салынады. Медициналық қызмет көрсететін нысанның құрылысын қаржыландыру үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне бюджеттік өтінім жолданған.

- Емханада науқастарды тексеру және диагностикалау, дәрігерлердің консультациясы және халықты сауықтыру бойынша профилактикалық іс-шаралар жүзеге асырылады. Емделуге келгендерге арналған жалпы бөлме, дәрігерлік практика бөлімшесі, күндізгі стационар, оңалту, профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімшесі бар. Сондай-ақ консультациялық-диагностикалық көмек бөлімшесі, зертхана, биохимиялық топ, функционалды, сәулелік диагностика, орталық залалсыздандыру бөлмелері қаралған. Оған қоса әкімшілік-тұрмыстық, қызметтік және шаруашылық бөлімдер болып функционалдық топтарға бөлінген, - деді Н.Құсайынов.

Медициналық нысанның жалпы ауданы 4 709,77 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жұмыстарының жобалаушы мекемесі «Астана-Проджект» ЖШС.