Биыл Атырауда 8 айдың ішінде сегіз қыз өзіне қол жұмсамақ болған

Бұл туралы Атырау облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысында айтылды, деп хабарлайды AtyrauPress.

Атырау облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасы берген мәлімет бойынша, биыл 8 айда сегіз қыз суицид жасамақ болған. Өкінішке қарай, бір ұл өзіне қол жұмсап үлгерген. Ал өткен жылы екі ұл мен екі қыз өміріне қол жұмсаса, ал 13 жас өмірін қимақ болған. Айта кетейік, оның 12-сі қыз екен.

Комиссия отырысына қатысушылардың айтуынша, өзіне қол салу әрекеттеріне отбасындағы және мектептегі мәселелер түрткі болады. Әсіресе, 13-17 жас аралығындағы жасөспірімдер өте әсершіл, кез-келген нәрсені жүрегіне жақын қабылдайды. Осындай жағдайларға бей-жай қарамай, психологтың көмегіне жүгіну арқылы көптеген проблеманың алдын-алуға болады. Сонымен қатар, ата-ана да өз баласына көп уақыт бөлуі тиіс.

 

Фото ашық дереккөздерден алынды.