Биыл Атырауда 1000-ға жуық медицина қызметкері біліктілігін арттырды

Бұл туралы Атырау облысының әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

- Бүгінде облысымызда 1528 дәрігер, 5264 орта медициналық қызметкерлері еңбек етеді. Биыл 57 маман қызметке келді, дегенмен облысқа әлі 183 маман қажет. Медицина саласына жұмысқа орналасқан мамандардың 12-сі ауылдық елді мекендерде қызмет етуде. Осы жылы өңірдегі медицина саласында жұмыс жасап жүрген мамандардың біліктілікті арттыруға жергілікті бюджеттен 550 млн теңге бөлініп, 1000-ға жуық маман білімін жетілдірді. Облыстағы кадр тапшылығы басты назарда. Бүгінде өңірге анестизиолог-реаниматолог, жалпы тәжірибе дәрігері, акушер-гинеколог, пульмонолог және инфекционист дәрігерлері қажет болып отыр. Аймақтағы кадр жетіспеушілігін жою мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, 2021 жылдың желтоқсан айында Атырау қаласында Батыс Қазақстан Медициналық университетінің филиалы ашылды. Қазір Филиалда 12 дәрігер-резиденттер білім алуда. Сондай-ақ жыл сайын мектеп түлектері үшін және резидентураға бөлінетін гранттар саны ұлғайып отыр. Осы жылдан бастап өңірге тартылған медициналық мамандар үшін бір реттік берілетін көтерме ақы мөлшерін ұлғайту көзделіп, Атырау қаласында дәрігерлер үйін салу мәселесін пысықтап жатырмыз, - деді Ж.Бисембиев.

Айта кетейік, облыста дәрігерлердің біліктілігін арттыру үш деңгейлі білім алу жүйесі бойынша іске асырылып жатыр. Олар шетелден келген медицина қызметкерлерінен білім алу, республикалық ғылыми-зерттеу орталықтарында және озық шетелдік клиникалар базаларында тәжірибе алмасу сынды жүйе арқылы өз білімдерін 237 дәрігер шыңдады. Оның ішінде 13 дәрігер Германия елінен тағылымдамадан өтсе, 92 дәрігер Израйль елінен тағылымдамадан өтті.

Сондай-ақ, Израйль елінен келген онколог, неонатолог, анестезииолог-реаниматолог, педиатр, инфекционист, акушер-гинеколог, т.б мамандар өңірдің 132 дәрігерлеріне мастер класстар өткізді. Сонымен қатар, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің білікті инфекционист, педиатр, хирург, т.б мамандар өңірдің 500-ге жуық дәрігер, мейірбике мамандарына біліктілік арттыру курстарын өткізді.