Еліміздің іргелі оқу орындарында білім алғысы келетін атыраулық түлектер үшін биыл 4 мың грант бөлінді.
Бұл мемлекеттік гранттан бөлек ұсынылып отырған зор мүмкіндік. Президент тапсырмасымен берілетін тегін оқу мүмкіндігі аясында техникалық бағыттағы мамандықтарға басымдық беріліп отыр. Грантқа іліккен жасөрендер Нұр-Сұлтан, Аллматы, Қостанай, Павлодар және Семей қалаларындағы жоғары оқу орындарында білім алады. Оқуларын тәмамдаған соң Атырауға қайта оралып, туған өлкесіне қызмет ететін болады.
Гранттың 3200-і техникалық, ал қалғаны педагогикалық мамандықтарға беріледі. Бұл екі бағыттағы мамандық әрдайым сұранысқа ие. Сондықтан да оқу бітіріп келген жастар жұмыссыз қалмайды.
Мұнайлы өлкеде мұғалімдердің тапшы екендігі баршаға аян. Әсіресе, Атырау мен Құлсары қалаларында халық тығыз орналасқандықтан, ондағы сұраныс басымырақ. Оған қоса, 2025 жылға дейін облыста 48 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Сондықтан да тапшылықтың орнын осы грант негізінде оқып келген 800 болашақ педагог та толтырады деген жоспар бар.
Атырау облыстық білім басқармасының басшысы міндетін атқарушы Айнагүл Дүйсекенованың айтуынша, бөлінетін грант тек биыл мектеп бітіргендерге ғана қатысты емес.
-Грант негізінде оқу үшін ҰБТ-ден жақсы көрсеткішке қол жеткізу қажет. Сонымен қатар, 2020 және 2021 жылдары мектеп бітіріп, бірақ оқуға түсе алмай қалған жастар да грант конкурсына қатысу үшін құжаттарын рәсімдей алады. Бұдан бөлек, облысымыздағы колледждерді аяқтағалы отырған 4500-ге жуық студенттің 800-ге жуығы жоғары оқу орындарында білімін жалғастырмақ ниетте. Осы орайда кадр тапшылығын ескеріп, гранттарды игеруге байланысты дайындық жұмыстарн жүргізіп жатырмыз, - дейді А.Дүйсекенова.
Айта кетейік, жергілікті атқарушы органдары тарапынан да 2017 жылдан бері әкімдік гранты бөлініп келеді. Қазір 815-ке жуық болашақ маман оқып жатыр. Былтыр ЖОО-нын аяқтап келген 178 педагог жұмыс істеп жатыр. Ал биыл 89 болашақ мұғалім оқуын бітірмек.