Биыл Атырау облысында әлеуметтік осал санатқа жататын 330 тұрғынға қайтарымсыз грант беру жоспарланып отыр, деп хабарлайды AtyrauPress.
Өңірде азаматтарды кәсіпкерлікке тарту және өз ісін бастауына қолдау көрсету шаралары жалғасуда. Биыл грант алушылар саны артқан. Айта кетейік, өткен жылы мұндай қаржылай қолдауға 291 адам ие болған.
Әрбір грант иегеріне 400 айлық есептік көрсеткішке дейін қаражат қарастырылған. Бұл қаржы жаңа кәсіп ашуға немесе қолданыстағы бизнесті дамытуға бағытталады. Бағдарламаға жұмыссыз азаматтар, сондай-ақ жеке кәсіпкер ретінде тіркелгеніне үш жылдан аспағандар қатыса алады. Негізгі талап – үміткердің әлеуметтік осал топқа жатуы.
Облыстық еңбек мобильділігі орталығының басшысы Мереке Есқалиевтің айтуынша, былтыр ұсынылған бизнес-жобалардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы, медицина және қоғамдық тамақтану салаларына тиесілі болған.
– Өткен жылы алғашқы жартыжылдықта 145 адам, екінші жартыжылдықта тағы 144 адам өз кәсібін бастап, дамытуға мүмкіндік алды. Бұл бағыттағы мемлекеттік қолдау шаралары алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді ол.
Қайтарымсыз грант иегерлерінің бірі – Мейрамгүл Ақпанова. Ол шамамен алты ай бұрын грант жеңіп алып, зейін тапшылығы мен гиперактивтілік синдромы бар балаларға арналған дамыту орталығын ашқан.
Қазіргі таңда орталықта күніне 10-ға жуық бала қабылданып, олармен түзету, дамыту және мектепке даярлау бағытында төрт маман жұмыс істейді.
– Грант алу мүмкіндігі туралы жұмыспен қамту орталығынан білдім. Өз бизнес-жобамды қорғап, қолдау алдым. Жеке тәжірибемізге сүйене отырып, ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-аналарына көмектесуді мақсат еттік, – дейді кәсіпкер.
