29 Маусым, 2023 1226

Биыл Атырау-Астрахан тасжолының 277 шақырымы пайдалануға беріледі


Биыл жыл соңына дейін 277 шақырым жолда толық қауіпсіз қозғалысқа рұқсат беріледі, жол құрылысының аяқталуы келесі жылға жоспарланып отыр, - деп хабарлайды AtyrauPress.

 

Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Атырау өңіріне жасаған жұмыс сапары барысында айтты.

«Биыл жолды толық қоспаймыз. Бірақ 277 шақырым жолда толық қауіпсіз қозғалысқа рұқсат беріледі. Яғни, жолдың төменгі қабаты салынып болды. Көлік соның үстімен жүре бастайды. Жол салу жұмыстарын аяқтау келесі жылға жоспарланып отыр. Жол салып жатқан мердігер компаниялар қажетті материалды тасымалдау үшін вагондармен қамту және қосымша қаражат бөлу мәселесін көтеруде. Бүгінгі таңда 4900-ден астам вагон жұмыс істесе, олардың саны  алдағы уақытта тағы да артады.  Ал тиісті қаражат жылдың соңына дейін Үкімет тарапынан бөлінетін болады. Мердігер компаниялар атқарылып жатқан жұмысты әрі қарай жалғастыруы тиіс», - деді министр М.Қарабаев. 

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Атырау филиалының директоры Болатбек Айтбаев өңірдегі автожолдар желісін дамыту және Мемлекет басшысының көлік-логистикалық әлеуетті дамыту жөніндегі тапсырмасының орындалуы туралы хабардар етті.

«Атырау облысының республикалық автожолдар желісі 1126 шақырымды құрайды. Аталған аймақ арқылы 3 негізгі көлік артериясы өтеді. Атап айтқанда, «Астрахан-Атырау-Ақтау-Түрікменстанмен шекара», «Орал-Атырау» және «Ақтөбе-Атырау». Биыл республикалық жолдарды дамытуға 36 млрд теңге бөлінді, бұл 2022 жылы игерілген сомадан 12 млрд-қа артық. Оның ішінде «Атырау – Астрахань» жолын реконструкциялауға 18 млрд теңге, «Қандығаш – Мақат» тасжолына 7,9 млрд теңге және «Орал-Атырау» жолын реконструкциялау үшін жобалау сметалық құжаттама әзірлеуге 300 млн теңге қаралған», - деді Болатбек Айтбаев.

Сонымен қатар бүгін ҚР ИИДМ министрі Марат Кәрімжанұлы өңір тұрғындарымен кездесіп, олардың көкейтесті сұрақтарына жауап берді.

Айта кетейік, Атырау-Астрахан учаскесін қайта жаңарту жұмыстары 2019 жылдан бері жүргізіліп келеді. 2021 жылы Ресей шекарасынан Құрманғазы ауылына дейінгі 60 шақырымды құрайтын бірінші кезеңі аяқталды. 2020 жылдан бастап Құрманғазыдан Атырау қаласына дейінгі ұзындығы 217 км екінші кезеңі іске асырылып келеді.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА