Атырау облысының халық саны 703 мың 180 адамға жетті

Бұл туралы Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұржан Құмарғалиев баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Облыс халқының саны былтыр желтоқсан айының қорытындысымен және осы жылдың 1 қаңтар айымен қарағанда 703 180 адамға жетіп отыр. Халық саны осы берілген уақыт ішінде аумақта тұрып жатқан адамдар санына байланысты есептеліп, оған сол аумақта туғандары мен тұрақты тұрғылықты орынға келгендердің саны қосылады. Сәйкесінше одан сол аумақта қайтыс болғандар мен тұрақты тұрғылықты орыннан кеткендердің саны шегеріледі. Қала халқы – 389 669  адам болса, ауыл халқы – 313 511 адам. 

Департамент басшысы соңғы бес жылда халық саны 9%-ға, яғни 57900 адамға өскенін атап өтті. Тиісінше қала халқының саны – 10,6%-ға, ал ауыл халқы – 7%-ға өсіп отыр. 

- Өткен жылы 11 ай ішінде облыста 15156 сәби дүниеге келді. Оның 7892-і ұл бала болса, 7264-і қыз бала. Сондай-ақ халықтың табиғи өсімі 12020  адамды құрады. Сонымен қатар аталған кезеңде 3980 неке қию туралы және 396 некені бұзу туралы акт жазбасы тіркелді. Бұдан бөлек осы уақыт аралығында облыстан 27953 адам көшіп кетті. Ал сыртқы көші-қон бойынша 121 адам, соның ішінде ТМД елдеріне 74 адам, әлемнің басқа елдеріне 47 адам қоныс аударды, - деді Н.Құмарғалиев.

Оның айтуынша бұдан бөлек, облысқа келгендер саны 26034 адамға жетіп, оның ішінде сыртқы көші-қон бойынша 562 адам көшіп келген. Соның ішінде ТМД елдерінен – 533 адам, ал әлемнің басқа елдерінен 29 адам көшіп келді. 

Сондай-ақ сәйкесінше Қазақстанның басқа өңірлерінен 6441 адам Атырау өңіріне көшіп келген. Оның ішінде Ақтөбе облысынан көшіп келгендер саны - 18,9%-ды құраса, 16,6%-ы Астана қаласынан, ал 15,8%-ы Маңғыстау облысынан келгендер.