БІРЫҢҒАЙ УАҚЫТ БІРЛІККЕ ШАҚЫРАДЫ

Мемлекет басшысы «Ана тілі» газетіне берген сұхабында журналистің: «Қоғамда бірыңғай уақыт белдеуі туралы түрлі пікір бар. Парламент пен Үкіметтің арасында осыған қатысты пікірталас жүріп жатқанын да білеміз. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?» деген сауалына тосылмай толымды жауап берді.

«Әрине, мен жағдайды көріп-біліп отырмын, - деді Президент. – Үкімет өз шешімінің орынды екеніне сенімді және Қазақстан бір уақыт белдеуінде болуы қажет деп санайды. Уақытты дұрыс пайдалану туралы Барселона декларациясында әртүрлі уақыт белдеуін енгізуге, оны қысқы және жазғы уақытқа ауыстыруға әуес болмау қажеттігі айтылған. Дегенмен азаматтарымыз өтініш білдіріп жатыр. Үкіметтің шешіміне қатысты ашық талқылаулар жандана түсті. Меніңше, қоғамда көзқарас қайшылығын тудыратын мұндай мәселелерді мұқият талқылау қажет. Сондықтан Парламентте ғалымдардың, сарапшылардың және аймақ өкілдерінің қатысуымен қоғамдық тыңдау өтті. Тараптар уақыт белдеуін ауыстырудың ел экономикасына және азаматтардың тұрмысына әсері жөніндегі барлық пікірді ескере отырып, 1 наурызға дейін жан-жақты зерттеу жүргізуге уағдаласты. Содан кейін нақты ұсыныстар әзірленеді. Парламент пен Үкімет бұл мәселені байыппен зерделеп, ортақ әрі дұрыс шешімге келетініне сенімдімін».

Сонымен, бұл әңгімеден не түюге болады? Менің ойымша, Мемлекет басшысының білдірген пікірі өте орынды деп санаймын. Себебі, бірыңғай уақыт белдеуін енгізуге қатысты мәселені халық болып талқылап, ортақ бір шешімге келу керек. Мұндай маңызды шешімді біржақты қабылдауға болмайды. Сондай-ақ, бұл жерде тек азаматтардың алуан түрлі пікірі ғана емес, белгілі ғалымдар мен білікті мамандардың да нақты дәлелдері мен дәйектері ескерілуі қажет. 

Қалай болғанда да, Мемлекет басшысы айтқандай, Үкімет бірыңғай уақыт белдеуі керек деген өз шешіміне өте сенімді. Тіпті, қазірдің өзінде де оның көптеген әлеуметтік-экономикалық оң тұстары айқындалып отыр. Соған қарамастан, Президент бұл тақырыпты 1 наурызға дейін талқылауға тағы да уақыт беріп отыр. Соны орынды пайдалана білсек, еліміздің қай өңірі үшін де тиімді  шешімді қабылдауға болады деп сенемін.  

Алпамыс ҒИЛЫМОВ,
Атырау облысы білім беру саласының ардагері

Фото pixabay