Бір күнде 40 тонна қоқыс: Атырауда сенбілік қалай өтті

Атырауда Наурызнама онкүндігі аясында Тазару күніне орай «Таза жағалау» экологиялық акциясы өтті. Ауқымды сенбілік қала тұрғындарын, түрлі ұйымдар мен билік өкілдерін біріктірді.

Тазару күніне арналған шара барысында Жайық өзенінің жағалауы негізгі алаң ретінде таңдалып, қаланың бірқатар шағынаудандарында кең көлемді тазалық жұмыстары жүргізілді.

Сенбілікке облыс әкімі Серік Шәпкенов, қала тұрғындары, мемлекеттік мекеме өкілдері, сондай-ақ 50-ден астам кәсіпорын мен ұйым қызметкерлері қатысты.

Акция барысында арнайы техника жұмылдырылып, қатысушылар жағалау аумағын тұрмыстық қалдықтардан, балық аулау торларынан, автокөлік дөңгелектерінен және өзге де қоқыстардан тазартты. Жұмыс барысы Атырау қаласы әкімінің орынбасары Тілек Махуовтың бақылауында болып, ол ұйымдастыру мәселелерін үйлестірді.

Нәтижесінде шағынаудан аумағынан шамамен 40 тонна қоқыс шығарылды. Мұндай шаралар экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, тазалық мәселесіне қоғам назарын аударуға және қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған.

Айта кетейік, Тазару күні аясындағы сенбіліктер облыстың барлық аудандарында өтті.