Бір айда 150-ден астам шетелдік автокөлік уақытша тіркелді
Атырау облысы Полиция Департаменті Әкімшілік полиция басқармасы Процессингтік орталығының бастығы Жеңіс Дәулетов 17 шілдеден бері 150-ден астам шетелдік көлікті уақытша тіркеуге алынғанын айтты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Елімізде 2023 жылдың 23 қаңтарынан бастап 1 шілдеге дейін көлік құрылдарын тіркеу жұмыстары жүріп, 14 мыңнан астам көлік құралы нақты есепке қойылды. Ендігі кезекте тұрақты тіркеу алмағын көлік құралдарын 5 жылға уақытша есепке алу жұмыстары жүруде.
- ҚР Үкіметінің №13 қаулысына өзгертулер енгізіліп, 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін өтінім берген өзге елдің есебінен шықпаған автокөліктерді уақытша тіркеу процесі 17 шілде күні басталды. Бүгінге дейін 150-ден астам көлік құралын уақытша есептің тіркеуіне қойдық. Осы күнге дейін 1000-нан астам қала тұрғынынан көлікті уақытша есепке қою бойынша өтініш келіп түсті. Құжаттардың дұрыстығы тексерілгеннен кейін 16 мың теңге мөлшерінде алым төленіп, 5 жылға уақытша есепке қойылады. Уакытша есепке кою кезінде ҚР көлік құралын тіркеу туралы куәлігі және мемлекеттік нөмірлік белгілері беріледі. Тіркеу туралы куәлікте «уакытша есепке алу, иеліктен шығару және ҚР тыс жерлерге шығу кұқығынсыз» деген жазбалар көрсетіледі, - деді Ж.Дәулетов.
Сондай-ақ ол, Еуропалық одақтан транзит арқылы көлік тасымалдайтын жүргізушілеріне ескерту жасады.
- Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 17 сәуірдегі "Жол жүрісі туралы" заңының 66-бабының 2-тармағына сәйкес, Еуропалық одақтан алып келінген көліктерді кедендік тазартудан өткізгеннен кейін 10 күн ішінде толықтай төлемдерін жасап, есепке қоюға міндетті, - деді Ж.Дәулетов.