BINOM мектептеріне Әл-Фараби мен Д.Қонаев есімдері берілді

Атырау қаласындағы BINOM мектептеріне Әл-Фараби мен Дінмұхамед Қонаевтың есімдері берілді, деп хабарлайды AtyrauPress.

«Мектеп директорларымен бірлесе отырып, облыс орталығының «Нұрсая» шағынауданындағы мектепке Әл-Фарабидің, ал «Сары-Арқадағы»  білім ұясына Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілді. Биыл жаңа қос мектеп өз жұмысын бастайды. Қазір дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.

Қаладағы 2000 орындық екі мектептің құрылысы 2021 жылы басталған. Олардың құрылысы үшін 20 миллиард теңге бөлінген. Екі білім ұясының да аумағы 22 мың шаршы метрден астам. Ғимарат 4 қабаттан және 14 блоктан тұрады.

 BINOM мектептері жоспар бойынша 2022 жылдың IV тоқсанында пайдалануға берілуі тиіс еді. Алайда түрлі тексерулердің салдарынан құрылыс тоқтап, былтыр қараша айында жалғасын тапты.

Қазіргі таңда мектеп ғимараттарын заман талабына сай безендіру, сыртын абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Сондай-ақ, конкурс арқылы іріктеуге қатысу үшін мұғалімдерден өтініштер қабылдау басталды.

Енді қос мектепте  1 қыркүйек күні алғашқы қоңырау соғылады деп күтілуде. Онда балалар тегін оқиды. Мектепке  қабылдау тұрғылықты мекенжайы бойынша жүзеге асады.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА