Біліммен бірге тәрбиеге де көңіл бөлінсе...

Биыл ел тарихында алғаш рет 5 қазан – Мұғалімдер күні аталып өтуде. Бұған дейін қазан айының алғашқы жексенбісінде тойланып келген кәсіби мереке енді жаңаша сипат ала бастағандай...

Мен білім беру саласында жарты ғасырға жуық еңбек еттім. Құрметті еңбек демалысына шықсам да, саладағы жаңалықтарды мүлт жібермей, бақылап отырамын. Соңғы кезде елімізде білім беру үрдісіне қатты көңіл бөлініп келеді. Мәселен, білім беру жүйесі толықтай жаңарды. Ұстаздардың жалақысы да бірнеше есе өсті. Иә, оң өзгерістер баршылық. Бірақ, олқылықтар да жоқ емес және оның орнын толтыру қажет. Айталық, білім беруге қатты мән берілгенімен, тәрбие ісі кенже қалып отыр. Ал, ұлы Әл-Фараби данамыз айтқандай, тәрбиесіз берліген білім – адамзаттың хас жауы. Ендеше, тәрбие саласын ұмыт қалдырмаған ләзім. Оны қайта жандандыру қажет. Қазір қоғамда тәртіпсіздіктер күрт көбейіп кетті. Міне, соның бәрі мектеп қабырғасынан бастау алады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді. Яғни, адамның тәлім-тәрбиесі мектепте қалыптасады. Сондықтан мектеп тек білімнің қарашаңырағы ғана емес, тәлім-тағылымның да алтын ұясы.

Екіншіден, балалардың тек оқу үлгеріміне ғана емес, тәрбиесіне де баға қойса, артық етпейтін секілді. Бұл – уақыттың өзі туындатып отырған қажеттілік деп ойлаймын. Мысалы, мұғалімдердің жалақысы төмен болған кезде көптеген мықты мамандар басқа жұмыстарға ауысып кетті. Әсіресе, ер азаматтардың кетіп қалғаны салаға ауыр тиді. Олар отбасыларын асырау қажет болған соң, жұмыс ауыстырды. Ақыры, мектептерде тәрбие жағы осалсып кетті. Қалай десек те, өтпелі кезеңдегі 9-11 сынып оқушылары үшін ер мұғалімдердің темірдей тәртібі қажет. Қазір еңбекақы ретке келген соң, ер азаматтарымыз ортаға орала бастады. Бірақ, бұрынғы тәртіп пен тәрбиені оралту үшін біраз уақыт керек.

Үшіншіден, мектепте мұғалімге де, оқушыға да ұялы телефон ұстауға заңмен тыйым салу керек. Тым болмаса, мұны әр мектептің ережесіне енгізген дұрыс. Сонда нәтиже болады. Әйтпесе, бала телефонға алаңдап, жаңа сабақты толыққанды игере алмай қалады.

Соңғы ұсынысым, мектепке орамал тағып келуге де заңдық тұрғыдан тыйым салған жөн. Мектеп жарғысына емес, мұны Ата Заңға енгізу керек. Біз араб мемлекеті емеспіз. Біз Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз. Соны ескерген абзал. Біздің апа-әжелеріміз Ислам дінін ұстанса да, ешқашан оранған жоқ. Ал, қазіргілер тіпті қап-қара боп тұмшаланып алады. Үлкен кісілер болса, бір сәрі, жастар да солай. Айдың-күннің аманында қара жамылғанға жол болсын?! Біз ұлттық салт-санамызды сақтауымыз қажет. Сондықтан мектеп қабырғасынан бастап ұрпағымызға ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін, қай дәстүрдің ақ, қайсысы жат екенін түсіндіре білуіміз керек.

Алпамыс ҒИЛЫМОВ,

бұрынғы Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы, ардагер ұстаз

Фото: azh.kz