Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласындағы айрықша жетістіктері үшін атыраулық ұстаз Ибрагим Бахдаулетұлын «Шапағат» медалімен марапаттады.
28 жастағы педагог Сүлеймен Демирел атындағы университетті «Математика» мамандығы бойынша тәмамдап, кейін «Химия» мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған. Еңбек жолын 2020 жылы Ақтау қаласындағы «Білім-инновация» лицейінде бастаған, кейін Ақтөбедегі білім беру ұйымдарында жұмыс істеген. Қазір Атырау қаласындағы «Білім-инновация» лицейінде қызмет етеді.

Ибрагим Бахдаулетұлының шәкірттері халықаралық және республикалық жарыстарда жүздеген жүлделі орындарға ие болды. Олардың қатарында Халықаралық Менделеев олимпиадасында, IChO, IJSO, «Туймаада» және республикалық пәндік олимпиадаларда жеңіп алған алтын, күміс және қола медальдар бар.