Атырау облысында 12 жайлы мектеп салынады. Оның тоғызының құрылысы былтыр басталып кетті. Ал үшеуі биыл бой көтермек. Осылайша, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 12 жаңа мектепте екі ауысымда 24 мың оқушы білім алады деп күтілуде. Атырау қаласы маңындағы Береке ауылында жайлы мектептің құрылысы қызу қарқын алған. Нысан басында 100-ге жуық жұмысшы бастаған істі діттеген уақытта аяқтау үшін барын салып жатыр. Тапсырысты орындаушы – «БатысСтройСервисАтырау» ЖШС.
Құрылыс басында техниканың гуілі, тарс-тұрс еткен құралдардың дауысы естіледі. Жұмысшылар дамыл таппай жүр. Қайнап жатқан еңбек. Қара суық кедергі емес. Өйткені алға қойған меже бар.
Жұмысшылар мұнда таңғы сағат 09:00-де келіп, кешкі 18:00-де үйіне қайтады. Арасында екі сағат түсте тамақтанып, тынығып алуға беріледі. Техника жүргізетін мамандар іске кіріспес бұрын медбике арнайы медициналық тексерулерден өткізеді. Мысалы, жұмысшылардың қан қысымы өлшеніп, алкотест алынады.
Оңғар Тұрдыбаевтың бригадасында 40 адам бар. Олардың барлығы да арнайы киіммен қамтылған және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
«Бригададағы жігіттердің барылығы да тас қалап жатыр. Таңнан кешке дейін жұмыс істейді. Қажетті жылы киімдер берілді. Аяғымызда қалың етік. Қауіпсіздік техникасы сақталады. Жұмысшылардың айлығы 350-400 мың теңге. Еңбегімізге татиды деп ойлаймын. Уақтылы алып отырмыз. Қажетті материалдарды дер кезінде жеткізіп беріп жатыр. Қыс бойы тоқтамай жұмыс істедік. Енді уақытылы аяқтасақ – сол бізге абырой», - дейді бригадир.
Бұл мектеп былтыр қыркүйек айында салына бастады. Осы уақытқа дейін істелінген жұмыс көзге көрініп тұр. Мәселен, үш қабатты мектептің үшінші қабаты көтеріліп, алдағы уақытта шатыры жабылғалы тұр. Көп ұзамай, ішкі жұмыстары да басталмақ.
Учаске бастығы Айболат Құспановтың айтуынша, оқу орнының ауласымен қосқандағы жалпы аумағы – 3,5 гектардан асады. Ал мектептің өзі 13 мың шаршы метрді құрайды. 10 блоктан тұрады. Білім ошағы 1200 балаға арналып салынуда. Жайлы мектеп болғандықтан, мұнда бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін барлық жағдай жасалынады. Тапсырыс беруші – «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы.
«Мұнда бастауыш сыныптар бөлек оқиды. Олардың өз асханасы, оқу блогы, спорт залы, дәретханасы болады. Мектепке кіру есігі де бөлек жоспарланған. Мүмкіндігі шектеулі балаларға да жағдай жасалады. Әр қабатқа пандустар, жеделсаты мен баспалдақтардың көмегімен көтеріледі. Екі минифутбол алаңы, үлкен футбол алаңы, аулада 1 сынып оқушыларына арналған 2 ойын алаңшасы, 2-5 сынып оқушыларына арналған 4 ойын алаңшасы және жоғары сыныптар үшін де алаң қарастырылған. Аула ішінде көлік тұрағы да болады. Сондай-ақ, 260 орындық акт залы да болады. Бұл мектептің жобасын да жасаушы, тапсырыс беруші де «Самұрық-Қазына» АҚ», - дейді Айболат Құспанов.
Қазір ғимарат басында 3 бригададан құралған 97 адам жұмыс істеп жатыр. Атап айтқанда: бетон құюшылар, тас қалаушылар, электрика мен сантехника мамандары іске кіріскен. Күн жылына салысымен мектептің қасбетін фиброцементпен қаптауды бастамақ. Ол кезде тағы жұмыс қолы келіп қосылады. Дәл қазір қабырғалар қаланып, соңғы қабаттар бітуге шақ тұр.
Нысан басында екі екіден автокран, экскаватор, бульдозер, 3 КамАз бен 1 виброкаток жұмылдырылған. Автокран жүргізушісі Талғат Табылдиевпен аз-кем сұхбаттасып үлгердік. Жұмысты тоқтатып қоя алмайтынын және уақыттың тығыз екенін айтып, шұғыл іске кірісіп кетті. Оның құрылыс саласында 40 жыл еңбек өтілі бар екен. Ол 10 жылдан бері «БатысСтройСервисАтырау» ЖШС-де еңбек етіп келеді. Сұранысқа ие маманның бірі. Оның айтуынша, құрылыс кезінде әр минут қымбат.
Бұл мектеп биыл тамыз айының ортасына дейін толық салынып бітуі тиіс. Жұмысшылар кестеден ауытқымай аяқтап келеді. Ал 1 қыркүйекте Береке ауылының балалары жаңа әрі заманауи білім ордасына келіп оқымақ. Ал олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында оқу ордасының іші-сыртына 186 бейнекамера қойылады.
Өткен аптада облыс әкімі Серік Шәпкенов жауапты сала басшыларымен бірге қалада «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектептерге арнайы барды. Бүгінде Атырау қаласында салынып жатқан білім ордаларының құрылысы Береке, Сарыөзек, Жұлдыз-2, Жұлдыз - 3, Ақсай және Водников ауылдарында жүргізіліп жатыр. Мектептердің құрылысы биыл аяқталып, келесі оқу жылында пайдалануға берілмек. Аймақ басшысы мердігерлерге мектеп құрылысын өндірістік кестеге сай жүргізуді, жұмыстардың жүру барысын қатаң бақылауда ұстап, сапалы аяқтауды тапсырды.
Эльмира Мықтыбаева