Белгілі дінтанушы, жақында жарық көрген «Кемел адам» рухани кітабының авторы Қайрат Жолдыбайұлы «Атырау – Ақпарат» медиахолдингі журналистерімен кездесті, деп хабарлайды ATPress.kz.
Жиынды сөз сөйлеп ашқан медиахолдингтің бас директоры Ысқақ Егембердиев авторға жаңа кітаптың шығу тарихы мен мазмұны жайында сауалдар қойып, мейманды әңгімеге тартты. Бұған дейін бірнеше діни кітаптардың авторы бұл туындыны мотвациялық басылым деп атады.
– Рас, бүгінде мотвациялық кітаптар көбейді. Бірақ, олардың біразы біздің қазақы танымымызға не болмаса діни ұстанымымызға қайшы келіп жататынын жасырмауымыз керек. Көбіне олардан жат діни нанымдардың белгілері болмаса рухани құндылықтарымызды аяқасты ететін мазмұндағы мәтіндер жиі кездесіп жатады. Сол себепті ұлттығымызға да, мұсылманшылығымызға да зияны тимейтін бір туындыны қолға алуды жоспарладым.
«Жолға шығуды біл, ары қарай жол сені өзі апарады» деп ілгерідегі ұлылырымыз айтқандай, тәуекелге бел будық, әйтеуір, Аллаға шүкір, ойым жүзеге асты деп ойлаймын. Ал, кітаптың мазмұнына келсек, бұнда жан-жақты жетілген адамның ерекшеліктері және соған жету жолдарын діни дәлелдер мен қазақ зиялыларының түйінді пайымдарын пайдалана отырып жеткізуді мақсат тұттым, - дейді дінтанушы.
Автор кітабында тұлғалық дамудың да түрлі тетігін көрсете отырып оқырманын кемел адам болуға шақырады.
- Бұл кітап өміріне өзгеріс енгізгісі келетін әрбір жасампаз жанға арналады, - дейді Қайрат Жолдыбайұлы.
Жиын соңында «Атырау – Ақпарат» медиахолдингінің бас директоры Ысқақ Дүйсенбайұлы уақыт бөліп келген мейманға шығармашылық ұжым атынан ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, кеше Құрманғазы атындағы облыстық мәдениет сарайында белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адам» кітабының таныстырылымы болған еді.