Бейбарыс ауылында екі мектеп қашықтан оқуға ауыстырылды

Махамбет ауданына қарасты Бейбарыс ауылдық округінде кеміргіштердің көбеюі байқалып, эпидемиологиялық ахуалдың нашарлау қаупі туындады. Балалардың денсаулығын қорғау мақсатында алдын алу шаралары қабылдануда, деп хабарлайды AtyrauPress.

Атырау облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, 19 қарашадан бастап А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектеп пен Талдыкөл орта мектебі уақытша қашықтан оқыту форматына көшірілді.

Сондай-ақ дезинфекцияны толық жүргізу үшін «Балдырған» және «Балақай» балабақшаларының жұмысы уақытша тоқтатылды.

Қазір мамандандырылған қызметтер дезинфекциялау және санитариялық бақылау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қауіп толық жойылған соң барлық білім беру ұйымдары қалыпты режимге қайта оралады.

Білім басқармасы жағдайды бақылауда ұстап, тұрғындарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды.

Амандық АБДОЛ