Алдағы уақытта Атырау қаласындағы тұрғын үйлер түгелдей жаңартылмақ, деп хабарлайды AtyrauPress.
Жуырда «Алмалы 1» мекен-жайындағы апатты деп танылған екі қабатты тұрғын үйден сегіз отбасы Достық көшесіне қоныс аударды. 1950 жылы іргетасы қаланған ескі үйдің тұрғындарына жаңа үйден екі және үш бөлмелі пәтердің кілттері табысталды.
Жаңа пәтерлер Атырау қаласының тұрғын үйлерін реновациялаудың 2022-2026 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жеке инвестордың қаражаты есебінен алынды. Құрылысты жүргізген – «Velar» мекемесі. Бағдарламасы қаладағы ескі үйлерді сүру жолымен жаңғыртып, қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға және құрылыс саласына инвестиция тартуға бағытталған.
Қаладағы реновация жұмыстарын ұйымдастыру жөнінде арнайы мекеме де анықталды. Осы ретте, «Тұрғын үйлерге қызмет көрсету» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің орынбасары Ерниязов Рүстем Ерболатұлына +7 775 903 3312 байланыс нөмірі және too_kozhd@mail.ru почтасы арқылы ұсыныс білдіруге болады.
«Қазір Атырауда қайта жаңғыртылатын 237 ескі үй, яғни, 3500 пәтер бар. Ал, 86 тұрғын үй немесе 1500 пәтер апатты деп танылған. Оларды сүріп, тұрғындарды көшіру үшін бюджеттен 40 млрд теңге қажет. Сүрілетін үйлердің басым көпшілігі Баймұханов, Әуезов, Сырым Датов көшелерінің және Азаттық даңғылының бойында орналасқан. Тұрғындар орталықта тұрып үйреніп қалған соң, Нұрсаяның өзін шет деп есептейді. Сондықтан, қала аумағында үй салатын жер қалмады» дейді қала әкімі Мейірім Қалауи.