Бауырсақ - көшпелі халықтардың дәстүрлі тағамы. Бұл дәм қазақ дастарханынан үзілген емес. Әсіресе, қонақ шақырған кезде мол етіп пісіріледі. Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесінде жайылатын ақ дастарханның да сәнін келтіретін қызыл бауырсақ. Наурыз мейрамы әлі де тойланып жатыр. Жылдың жаңаруын әлі бір ай тойлайтындықтан, бауырсақтың түр-түрін пісіріп көруіңізге болады.
Бауырсақты кей өңірде тоқаш деп те айтады. Тіпті қамырын ашыту мен оны кесудің де тәсілдері әртүрлі. Мәселен, үлкен, домалақ, ши бауырсақтар, төртбұрыш пішінді болып келеді.
Мен көзбен шамалап сүт, құрғақ ашытқы, тұз, маргарин, бір жұмыртқа, ұн қосып нанды илеп, екі сағатқа жылы жерге қойдым.
Қамыр жақсылап көтеріліп, ашыған кесуге ыңғайлы болуы үшін зуалаларға бөлдім. Мұнан соң жайып, төртбұрыштап кесіп алдым.
Ыңғайлап кесіп алған соң даладағы ошақта қызып тұрған майға пісірдім.
Ошақта піскен қызыл бауырсақтың иісі де дәмі де ерекше болады. Томпиып әдемі болып пісті.
Наурыз құтты болсын! Нан мол болып, дастарханымыздан береке кетпесін.
Мира Нұртаева