Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өтіп жатқан үшінші Ұлттық құрылтай барысында айтты.
«Былтыр Қазақстан ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар комитетіне мүше болып сайланды. Мұндай мүмкіндікті ұтымды пайдалануымыз керек. Алтынемел және Барсакелмес ЮНЕСКО мұралары тізіміне енгізілді. Рухани маңызы бар жұмысты жалғастыру қажет.
Елімізде қайталанбас табиғи және тарихи мекендер көп. Осындай теңдесі жоқ орындардың бірі – біздің ұлттық мақтанышымыз бұл – Үстірт қорығы. Ондағы тылсым табиғат көріністері туристердің ерекше қызығушылығын туғызады. Шетелдің танымал кәсіби фотографтары оны суретке түсіру үшін алыстан арнайы келеді.
Бұл жердегі тағы бір таңғажайып мұра – жерасты мешіттері. Батыс аймақта осындай 20-дан астам мешіт бар. Тарихи нысандар әртүрлі кезеңде салынған және бір-бірінен өзгеше. Мұның өзі еліміздің рухани кеңістігінде ерекше дәстүрлер болғанын және тамыры тереңде жатқанын көрсетеді. Біз оның бәрін мұқият сақтап, жер жүзіне танытуымыз қажет.
Мен тиісті мемлекеттік органдарға Ұлттық комиссиямен бірлесіп, осы нысандарды ЮНЕСКО мұралары тізіміне қосу жөніндегі жұмысты бастауды тапсырамын», - деді Мемлекет басшысы.