Атырау қаласындағы №8 референдум учаскесінде мыңнан астам тұрғын өз дауысын беруге мүмкіндік алды. Солардың қатарында мұнай-газ саласының ардагері, «Барыс» орденінің иегері Мақсым Ізбасов та бар, деп хабарлайды AtyrauPress.
Ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметте және мұнай-газ саласында еңбек еткен Мақсым Ізбасов өңірлік қауымдастықта үлкен сенім мен құрметке ие. Ол ел өміріндегі маңызды саяси науқаннан тыс қалмай, референдумға қатысып, өз таңдауын жасады.
Әлеуметтік белсендінің айтуынша, жалпыұлттық референдум – әрбір азаматқа ел болашағына қатысты шешім қабылдауға өз үлесін қосуға мүмкіндік береді.
— Конституция 1995 жылы қабылданды, содан бері 31 жыл өтті. Осы уақыт ішінде елімізде көптеген өзгеріс болды. Бүгінде Қазақстан дамыған 50 елдің қатарына енді. Жалпы ішкі өнім өсімі 6,6 пайызға жетіп, халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы шамамен 75 жылды құрайды. Мұның бәрі дұрыс жүргізілген мемлекеттік саясаттың нәтижесі, – деді Мақсым Ізбасов.
Айта кетейік, республикалық референдумда қазақстандықтар ел болашағына қатысты маңызды мәселелер бойынша өз таңдауларын жасап жатыр.