Баласын балабақшаға қызметтік көлікпен тасыған (+ВИДЕО)
Желіде баласын балабақшадан қызметтік көлікпен әкеткен әйелдің видеосы тараған еді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бейнежазбада жергілікті блогер Рүстем Баязиев жүргізушіге келіп көліктің кімге тиесілі екенін сұрайды. Stan.kz тілшісі көліктің Amanat партиясына тиесілі екенін анықтады.
– "066 AS 06" мемлекеттік нөмірі Amanat партиясы Атырау облыстық филиалының қызметтік көлігіне тиесілі. Қазір аталған жайтқа орай тексеріс жүріп жатыр. Нәтижесін қосымша хабарлайтын боламыз , - деп мәлім етті партияның баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, жергілікті Әдеп жөніндегі кеңес өкілдері осыған ұқсас жағдай өткен жылы да орын алғанын айтып отыр.
Атап айтқанда, жұмыстан тыс уақытта қызметтік көлікті пайдаланған Махамбет ауданы әкімі аппаратының басшысы Нұрлан Қалиевты қызметінен босату жөнінде шешім шығарылған еді. Бірақ мемлекеттік қызметкердің өзі бұл шешіммен келіспейтінін айтты. Ол мұны көлік жөндеу орталығына барған кезде "Сергек" камерасына түсіп қалғанымен түсіндірді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ