Атырау облысында баспана кезегінде тұрған 20 мыңнан астам тұрғынның 1174-і – балалар үйінің түлектері, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Қазақстанда жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар баспанамен қамтылуы тиіс болғанымен, үйсіз жүргендер жетерлік. Мәселен, алақандай Атыраудың өзінде соңғы жылдары балалар үйінің түлектеріне баспана берілмеген. Енді олардың пәтер жалдаудан басқа амалы жоқ. Жергілікті атқамінерлер мұның себебін өңірде бос үйдің жоқтығымен түсіндіреді. Балалар үйінде тәрбиеленгендердің бірі (Аты-жөнін атамауды сұрады. авт.) он жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұр. Әйтсе де, әкімдіктегі мамандар оған күтуден басқа амал жоқтығын айтыпты.
«Біз мемлекет қамқорлығындағы жандар болғандықтан бір жеңілдігі болар деп келешекке үмітпен қараймыз ғой. Бірақ, осылай жүргенде уақыт та зырылдап өте шықты. Бар тапқан табысымды пәтер жалдауға жұмсадым. Енді оған да қазір төлейтін қаражат қалмады. Ер азамат болған соң үкіметке де алақан жайғым келмейді. Банктен несиеге алған ақшам азық-түлікке ғана жетеді. Үйсіз-күйсіз қаңғып жүргеніме біраз жыл болды» дейді ол.
Атырау қалалық әкімдігінен білгеніміздей, алдағы уақытта жалға берілетін үйлерді көбейту мәселесі қарастырылып жатыр екен. Яғни, баспанасыз жүрген балалар үйінің түлектері жеңілдікпен үй жалдай алады деген сөз.
«Жалпы, өңірде пәтер саны аз болғандықтан оларды көбейту жөнінде жоғары органдарға ұсыныс жолдадық. Бұл мәселе қазір қаралып жатыр. Ал, жергілікті әкімдік тарапынан жалға берілетін пәтер санын көбейтуді көздеп отырмыз. Әзірге осы екі бағытта жұмыстар жүргізілуде. Көп кешікпей нәтижесін беріп қалар» деп сендіреді Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Рафхат Жолдиев.
Айжамал ОТАРБАЕВА, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенті