Балалар әкелерімен тұрғысы келетіндерін айтты

Бұл туралы Атырау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты мәлім етті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Балалардың тұрғылықты жері туралы дау сот медиациясымен реттелді. Атырау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кәмелетке толмаған балалардың тұрғылықты жерін өзгерту туралы азаматтық іс қаралды.

С. өзінің талап арызында Ж.-мен арадағы заңды неке бұзылып, ортақ төрт кәмелетке толмаған балалардың тұрғылықты жері анасымен деп айқындалғанын, алайда осы күнге дейін балалар өзінің тәрбиесінде екендігін және алдағы уақытта да олардың әкесімен бірге тұрғысы келетіндігін көрсеткен.

Сот ісін жүргізу барысында ата-анасы мен балаларының мүдделеріне сәйкес келетін шешім қабылдау мақсатында дауласқан тараптарды татуластыру жұмыстары атқарылды.

Судьяның татуластыру рәсімдерін жүйелі жүргізу нәтижесінде азаматтық істі медиация тәртібімен реттеу туралы тараптардың келісімі бекітілді. Оның шарттары бойынша төрт кәмелетке толмаған балалардың тұрғылықты жері әкесімен бекітілді. Өз кезегінде талап қоюшы келісімде айқындалған уақыттарда анасының балаларымен кездесуге кедергі келтірмеуге міндеттенді.

Сот тараптарға дауды медиация тәртібінде реттеудің заңды салдарларын түсіндірді. Сот ұйғарымымен медиациялық келісім бекітіліп, іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды.

Сот ұйғарымы заңды күшіне енген жоқ.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ