ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов Атырау облысына жұмыс сапары кезінде Жағалау күзетінің дивизионында болды, деп хабарлайды AtyrauPress.
Халық қалаулысы Атырау қаласы Дамбы ауылында орналасқан Жағалау күзетінің жеке құрамымен кездесіп, бөлімшенің қызметімен және жағдайымен танысты.
Кездесу барысында Жағалау күзеті орналасқан ғимараттың қазіргі ахуалы сөз болды. Белгілі болғандай, бөлімше 1980 жылы салынған бұрынғы балабақша ғимаратында жұмыс істеп келеді. 2021 жылғы техникалық қорытындыға сәйкес, нысан апаттық жағдайда деп танылған. Шатырдың тозуына байланысты жаңбырлы күндері қызметтік бөлмелерге су ағып, ғимаратты пайдалану қиынға соғып отыр.
Аталған мәселе бұған дейін де көтерілген. Соның нәтижесінде 2024 жылы көлік тұрағы жаңартылған. Ал 2026 жылы ғимаратта жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Жағалау күзеті Атырау облысында мемлекеттік шекараны және Каспий теңізі жағалауын күзетумен айналысады. Бөлімшенің материалдық-техникалық жағдайы қауіпсіздік пен қызмет сапасына тікелей әсер етеді.