24 «тамыз», 2023 1309

Бұрынғы әйелін көлікпен алып қашып, полицейлерге қарсылық танытты (+ВИДЕО)


Әлеуметтік желі қолданушылары тарапынан түскен сауалдарға орай облыстық полиция департаменті хабарлама жасады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

30 маусым күні қала көшелерінің бірінде тұрғындар 102 операторына белгісіз ер адам әйел адамды ұрып-соғып, еркінен тыс көлікке сүйреп мінгізіп алып кеткені туралы, әйел адам көмекке шақырғаны туралы хабарлама берген. Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде полицейлер аталған Honda автокөлігін Атырау-Қарабатан тасжолынан анықтап, тоқтатқан. 1987 жылы туған көлік жүргізушісі полиция қызметкерлеріне қарсылық танытқан. 1988 жылы туған әйел адам бұрынғы күйеуі өзін ұрып-соғып дене жарақатын салғанын және еркінен тыс көлікпен белгісіз бағытқа алып бара жатқанын мәлімдеген.

Көлік жүргізушісінің бұрын сотты болғанын және діни деструктивті жат ағым өкілі екенін анықтаған патрульдік полиция қызметкерлері Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасына хабарлаған. Зорлық белгілері анықталған азаматша мен күдіктіден жауап алыну үшін полиция басқармасына жеткізілген. 1987 жылы туған ер адам сот шешімімен ҚР ӘҚБтК-нің 73-2 бабына сәйкес кінәлі деп табылып 2 тәулікке қамауға алынды. Бұрын да аталған құқық бұзушылықты төрт мәрте жасаған ер адам бұдан былай полицияның бақылауында болады. Сондай-ақ, оған қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 378-бабы 2 бөлігіне сәйкес, яғни билік өкілін қорлау дерегімен сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Қазір әлеуметтік желіде жарияланған материалдарға сараптамалар тағайындалған.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ