Бәрі Теңіз кен орнында жұмыс жасағысы келеді...

Қазақстандықтардың көбісі Теңіз кен орны мен вахталық поселкеде еңбек еткісі келеді. Себебі, онда жалақы едәуір жоғары, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Атырау облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтың айтуынша, жұмыссыз азаматтардың бәрін бірдей Теңіз кен орнына орналастыру мүмкін емес.

«Теңізге жақын орналасқан Жылыой ауданының тұрғындары біз ұсынған жұмыс орындарына барғысы келмейді. Себебі, олар жалақысы жоғары Теңізде қызмет еткісі келеді. Бірақ, онда орындар саны шектеулі ғой. Сондықтан бәріне жағдай жасай алмаймыз. Оның үстіне, қазір онда жұмыс көлемі азайып жатыр. Демек, жұмыс орны да қысқарып жатыр деген сөз. Ал, егер қызметкерлер қысқарып жатса, жаңа жұмыс орындарын қалай ашамыз? Соған қармастан күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан кезде жұмыссыз 100 жылойлыққа жұмыс таптық. Бірақ, тіпті, жөндеу жұмыстарына барғысы келмегендер де табылды. Өйткеін, олар табысы көп жұмысты қалайды және қызмет көрсету саласында жұмыс жасауға құлықсыз. Яғни, ай сайын біздің орталыққа келіп, ұсынылған вакансиядан бас тартады» дейді ол.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ