19 қаңтар – әскери тәрбиешілер күні. Осы орайда AtyrauPress Атырау қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5546 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметін атқарып жүрген Бабуржан Батиров туралы жазуды жөн көрді.
Тәуелсіз еліміздің Қарулы Күштері қатарында Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып жүрген әскери қызметшілер жетерлік. Солардың бірі - аға лейтенант Бабуржан Батиров еліміздің тәуелсіздігі мен біртұтастығын қорғауды өзінің азаматтық парызы әрі борышы деп санайды.
Әскердің жауынгерлік рухы — тәрбиеші офицердің қолында. Әскери тәрбиеші – әскери қызметшілердің және олардың отбасы мүшелеріне қолдау көрсетіп, олардың моральдық-психологиялық жай-күйін арттыру, бөлімдегі сарбаздардың әскери рухын көтеру, жақсы көңіл-күй сыйлау, түрлі мерекелердің шырайын кіргізу міндеті бойынша көптеген іс-шараларды атқарады.
«Бүгін мен үшін маңызды күн. 1993 жылдың 19 қаңтарында тұңғыш Президенттің Жарлығымен қазақстандық армияда командирлердің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарларының институты құрылды. Осы сәттен бастап Қарулы Күштердің қалыптасуы және дамуымен байланысты тәрбие жұмыстары органдарының тарихы бастау алды. Бүгінде Қазақстанның Қарулы Күштерінде мыңға жуық тәрбие құрылымдарының офицерлері жеке құраммен жұмыс жасаудағы барлық деңгейдегі мамандар, әскери бөлімдердегі идеологиялық және психологиялық жұмыс мамандары мен ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындары мен оқу орталықтарындағы оқытушылар қызметтік міндеттерін атқаруда. Мен де өз үлесімді қосып келемін. Жастайымнан әкеме жақын болып өстім, әкемнің арманы - бір баласының әскери қызметкер болуы еді. Маған байқатпағанымен, ол кісінің берген тәрбиесінің арқасында мен біртіндеп әскери қызметке қызыға бастадым. Уақыт өте өзіме «әскери қызметкер боламын» деп серт бердім. Сол сөзімде тұрдым. 2016 жылы ҚР Ұлттық ұланының академиясына оқуға түсіп 2020 жылы жақсы нәтижемен аяқтап шықтым. Мұнан соң мені бірден осы Атырау қаласына қызметке жіберді. Алғашқы лауазымдық қызметім - жедел мақсаттағы батальоны екінші рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары. Ал қазір батальон командирінің тәрбие жөніндегі тікелей орынбасарымын. Мен өз қызметімді мақтан етемін», - дейді Бабуржан Батиров.
Айта кетейік, Бабуржан Ибрагимжанұлы 1998 жылғы 16 қыркүйекте Түркістан облысы Сайрам ауданында дүниеге келген. Осыдан үш жыл бұрын отбасын құрған. Қазір жұбайы екеуі ұл мен қыз өсіріп отыр.
Бүгінде тәрбиешілердің рөлі арта түсуде. Олар жеке құрамды оқу-жауынгерлік тапсырмаларын сапалы орындау, жоғары моральдық рух пен өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизмге тәрбиелеп отыр.
Эльмира Мықтыбаева