Азғырда төтенше жағдай жарияланбақ

Бүгінде ауылда жем-шөп құны екі есеге қымбаттаған, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Оның үстіне, жайылым жерді Батыс Қазақстаннан келетін киік отап кетеді екен. Сондықтан шаруалар облыстық әкімдіктен көмек сұрайды.

«Қазір бір рулон шөп 15 мың теңге тұрады. Тиісінше, 100 рулон 1,5 млн теңгеге, мың рулон 15 млн теңгеге шығып кетеді. Бұл біз үшін өте қымбат. Сондықтан шаруалардың тең жартысы әлі де мал азығымен қамтыла қойған жоқ» дейді шаруалардың бірі Думан Меңдешев.

Өз кезегінде оларды облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев қабылдап, келер аптада аталған ауылда төтенше жағдай жарияланып, желтоқсанда қажетті қаражат шаруалардың қолына тиетінін жеткізді.

«Субсидия тектен-тек берілмейді. Оның да өз тәртібі бар. Мәселен, жаңбыр жаумай шөп шықпай қалса, төтенше жағдай жарияланып, қаражат қарастырылады. Біз осыны негізге алып, мәселені шұғыл шешуге тырысатын боламыз» деді ол.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ