Аймақ басшысы тұрғындарды қабылдады

«Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады»,- деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Онға жуық тұрғын аймақ басшысына өздерін толғандырып жүрген сауалдарын жолдады. Олардың ең негізгілері баспана мәселесі, жұмыспен қамту, әлеуметік көмек пен денсаулық сақтау және спортты дамыту бағытында болды.

  Махамбет ауданының тұрғыны Г.А. мүмкіндігі шектеулі баласы К.Т-ны тәрбиелеуші ретінде баспанамен қамтуды сұрады. Бұл сауалға жауап берген Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Светлана Аманшиева, оның 2019 жылы Махамбет ауданы бойынша тұрғын үй кезегінде мүгедек баланы тәрбиелеуші ретінде тұрғанын айтты. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 74-бабының 1-тармағына сәйкес, тұрғын үй белгіленген кезек ретімен берілетінін түсіндірді.

 Ал, Қызылқоға ауданының тұрғыны, жеке кәсіпкер Қайырбек Баймұратов ат спортын дамытуға, мәдени іс-шаралар мен жарыстар өткізуге, сондай-ақ ипподром ашуға жер телімін бөлуге қолдау сұрады. Бұл сауалға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ринат Ибрагимов жауап берді.

  «Облыс аумағында ұлттық спорт түрлерін дамыту мақсатында мемлекет қолдауымен жыл сайын көптеген жұмыстар атқарылуда. Атырау қаласында ипподром салу үшін Талғайран елді мекенінде жер телімі бөлініп, жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, сараптамадан өткен болатын. Алда аталған жұмыстар жалғасын табады» деді басқарма басшысы.

 Қабылдау соңында аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов тиісті орган басшыларына азаматтардың арыз-шағымдарына уақытылы жауап беріп, мәселелерді заң шеңберінде шешуді тапсырды. Жергілікті атқарушы органдардың алдындағы маңызды міндеттің бірі осы екенін айтқан облыс әкімі сала басшыларына тұрғындардың арыз-шағымдары мен көтерген мәселелерін мұқият бақылуда ұстауды жүктеді.