Автобус жолаушыларының барлығында жол картасы болуы тиіс пе?

Атырау қаласында автобус жолаушыларында жол жүру билеттерінің бар-жоқтығын тексеру үшін арнайы рейдтік шаралары басталды.

Атырауда қала ішінде жолаушылар тасымалдайтын автобустардың ішінде жолақысын төлемейтін жолаушыларды анықтау мақсатында рейд шаралары жүргізіледі. «СмартАтырау» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Арслан Ароновтың айтуынша, соңғы кезде қоғамдық көлік қызметін пайдаланатын қалалықтардың балаларының немесе мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жол жүру карталарын пайдалану жағдайлары тым көбейіп кеткен. Осындай олқылықтардың алдын алу үшін тиісті қызметкерлер  тексеруге шықты.

«Рейдтің мақсаты – билетсіз жүргендерді анықтау. Жолақы төлеуден жалтарғандарға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 622-бабының 2-тармағына сәйкес екі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (6 900 теңге) айыппұл салынады, Әр жолаушының жеке смарт-картасы болуы тиіс. Сонымен қатар, Каспий мен Avtobus  қосымшаларындағы QR арқылы да төлем жасауға болады. Бастысы, жолақысы төленсе болды. Айта кетейін, оқушылардың қолында міндетті түрде смарт-карта болуы тиіс» деді А.Аронов.