Атырау облысы аумағында 22-25 қаңтар күндері автокөліктерді ұрлауға және айдап әкетулерге қатысы бар адамдарды анықтауға, оларды ұстауға және қоғамдық автокөліктердің қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын-алуға бағытталған «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Іс-шара барысында жол қозғалысы ережесін өрескел бұзушылықтардың оның ішінде, мас күйде көлік басқару, басып озу, жолдың қарсы бағытына шығу, маневр жасау, жолаушылар мен жүктерді тасымалдау қағидаларын бұзудың алдын-алу бағытында қызмет атқарылатын болады.
«Автобус» іс-шарасының бір күнінде барлығы 121 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде: автомобиль көлігімен жолаушыларды және багажды тасымалдау қағидаларын бұзу - 6, тиiстi рұқсатсыз қайта жабдықталған көлiк құралын басқару - 5, мемлекеттiк немесе мiндеттi техникалық қарап-тексеруден өтпеген көлiк құралын басқару - 18, көлiк құралын басқару кезiнде жүргiзушiнiң телефонды не радиостанцияны пайдалануы - 10, маневр жасау қағидаларын бұзу - 19, Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру туралы заңнамалық актісіне сәйкес міндетті сақтандыру шартын жасасуға міндетті тұлғаның міндетті сақтандыру шартын жасаспауы - 15.
Сондай-ақ, іс-шара кезінде 7 автокөлік айыппұл тұрағына қойылып, 5 автокөліктің мемлекеттік белгісі түсірілді.