Қазақстан фермерлері қауымдастығының басқарма төрағасы Ауыл жылын жариялауды ұсынды, деп хабарлайды ATPress.kz.
"2023 жылдан бастап Ауыл жылдарын жариялау қажет деп есептеймін. Рас 2003 жылы Ауыл жылы жарияланды. Алайда Жаңа Қазақстанға қадам басқан елімізде ауылшаруашылығын дамытудың жаңа жобасы әзірленуі керек" деді Қазақстан фермерлері қауымдастығының басқарма төрағасы Жигули Дайрабаев AMANAT» партиясы жанындағы агроөнеркәсіптік кешен комитетінің жұмыс отырысында. Партия хатшысы Эльдар Жұмағазиевтың төрағалығымен өткен жиында Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында Агроөнеркәсіптік кешен комитеттерін құру мәселесі талқыланды. Жигули Молдахалықұлының айтуынша, елімізде ауыл шаруашылығына қатысты 50-ге жуық қоғамдық ұйым бар екен.
- Біз осы ұйымдардағы жекелеген адамдардың емес, халықтың мүддесін алға қоюымыз қажет. Абай айтқан "бас басына би болған өңкей қиқымды" қойып, бірлесіп іс қылған жөн. Оны неге айтып отырмын? Кей ақпарат көздерінде соңғы жылдары 1300-ден астам ауыл жойылып кеткен деген дерек бар. Бұл бізді бей-жай қалдырмауы тиіс, - деді қауымдастықтың басқарма төрағасы. "Кез келгенді суретке түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеп, хайп жасап жарысуды қойып, нақты жұмыс жасайтын кез келді" деген төраға саланы дамыту жолындағы кедергілерді де де атап өтті. "Жанар-жағармай, ауылшаруашылығы техникаларының құралдары өте қымбат. Бір ғана мысал айтайын. Былтыр 46 млн. теңгеге бағаланған трактор техникасының құны күні бүгін 92 млн-ға жетіп отыр. Президентіміз еңбек өнімділігін арттыру туралы айтқан болатын. Ол үшін ең алдымен қымбатшылықтың алдын алу керек" деді Жигули Дайрабаев.
Қаржыландыру мәселесін де сөз қылған қауымдастық төрағасы шаруадан босамайтын фермерлерді әрі-бері жүгіртіп әбігерге салмай, оңтайлы жағдай тудыру керектігін ұсынды. - Қарапайым еңбек адамын құрметтеуді ұмыта бастағанымыз да өкінішті. Негізі солардың мәртебесі биік болуы керек қой. Президенттің ұлттық құрылтайдың алғашқы жиынында айтқаны сол. Сондықтан шынайы еңбек иелері ел назарында болуы тиіс, - деді ол.
Жигули Дайрабаев Маңғыстаудағы жағдайға ерекше тоқталды. "Ондағы жағдай өте қиын. Қуаңшылық. Маңғыстаудағы ауыл шаруашылығын дамыту үшін өңірге ерекше басым статус берілуі керек деген ойдамын. Оған бес-он жылды қамтитын бөлек жоспар жасауды ұсынамын" деді қауымдастықтың басқарма төрағасы.
Жиында ұсыныс-пікірлерін ортаға салған төрт облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы басшылары бастамаға қолдау білдірді. Оларды толғандырған негізгі мәселе - ауыл шаруашылығын дамыту бағытында берілетін субсидиялардың өңірлік ерекшеліктерге қарамай, тең берілуі. Басшылардың сөзіне сүйенсек, бұл түйткілдің де түйіні шешілуі тиіс.